Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ халықаралық театр фестивалі басталды
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сахна саңлақтары бес күн бойы қазақтың көрнекті жазушы-драматургының шығармашылық мұрасын паш ететін қойылымдарды көрермен назарына ұсынбақ.
Салтанатты рәсім Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрында өтті. Театр тойына Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова, Рахымжан Отарбаев атындағы "Руханият" қорының төрайымы, драматургтің жары Сәуле Отарбаева қатысты.
Фестивальдің құрметті қонақтары сапында белгілі театр және кино қайраткерлері, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешева, Қазақстанның халық әртісі Бақтияр Қожа, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Еркебұлан Дайыров, Нұрнияз Мұқанов және Асхат Маемиров, Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда, режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің кавалері Нұрлан Жұманиязов, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі – актер әрі режиссер Бусурман Одуракаевтар бар.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Болат Ақшолақов сөз сөйлеп, Рахымжан Отарбаевтың мұрасы қазақ әдебиеті мен драматургиясында айрықша орын алатынын атап өтті.
Рахымжан Отарбаев – Атырау топырағынан түлеп ұшқан қаламгер ғана емес, қазақ әдебиеті мен драматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, барша қазаққа ортақ суреткер. Қаламгер атындағы халықаралық фестивальдің туған жерінде өтуінің мәні ерекше.
Атыраудың театр өнерінде қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Бұл өңірде сахна өнеріне құрмет те, талғампаз көрермен де бар. Өйткені театрдың дамуы – бір ғана өнер саласының жетістігі емес, қоғамның мәдени деңгейінің де көрсеткіші.
Өнері өркендеген ортада ой еркіндігі, рухани ізденіс пен шығармашылыққа деген құрмет орнығады.
Бүгінгі фестиваль осы дәстүрді жалғастырып, Атыраудың мәдени кеңістігін жаңа шығармашылық байланыстармен толықтырады деп сенемін,— деді өңір басшысы.
Фестивальдің басты мақсаты — Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеу, ұлттық театр өнерін дамыту және халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту. Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек Мұхтаровтың айтуынша, фестиваль режиссерлер мен актерлерге, суретшілер мен шығармашылық интеллигенция өкілдеріне кәсіби диалог орнатуға мүмкіндік беретін алаң болмақ. Қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, өздерінің сахналық шешімін ұсынып, көрерменді драматургтің шығармаларындағы пайымдармен таныстырады.
Фестиваль аясындағы спектакльдер 12-16 қазан аралығында Махамбет атындағы театрда және Атырау жастар театрында өтеді. Қойылымдарды отандық және шетелдік театр өнерінің мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалап, үздік шығармашылық жұмыстарды анықтайды.



