Бес жылға бас бостандығынан айырылған екі қазақстандық сот залында босатылды
Фото: Zakon.kz
Ер адамдар алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бұзақылық жасағаны және атыс қаруын қолдануға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылған.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың 2026 жылғы 3 қарашада хабарлауынша, іс материалдарына сәйкес, сотталғандардың бірі мен жәбірленуші арасында мессенджерде сөзге келу болған. Кейін олар кездескен. Сол жерде ер адамдардың бірі жәбірленушімен төбелессе, екіншісі қолына аңшы мылтығын ұстаған. Алайда ол оқ атпаған және қаруды қолданбаған.
Бірінші сатыдағы сот екі ер адамға да бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Ал апелляциялық сот шартты соттау туралы шешімнің күшін жойып, оларды жазасын өтеу үшін бас бостандығынан айыру орындарына жіберген.
Кассациялық соттағылардың түсіндіруінше, соттар қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған. Қылмыстық қудалау органы сотталғандарға атыс қаруын қолдану белгісін тақпағанына қарамастан, сот оны үкімге енгізіп, тағылған айыптың шегінен шыққан. Сонымен қатар іс материалдары қаруды қолдану туралы алдын ала сөз байласудың болғанын растамаған.
Оқиға бейнежазбасы мен жәбірленушінің айғақтары қарудың қолданылмағанын көрсеткен. Ал қаруды жай ғана көрсету өздігінен атыс қаруын қолдану белгісін құрамайды.
Осылайша, кассациялық сот сотталғандардың әрекетін Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінен 293-баптың 2-бөлігінің 1-тармағына қайта саралады.
Жеңілдететін мән-жайлар мен ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды қолданып, әрқайсысына түпкілікті екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сотталғандар сот залында қамаудан босатылды.