Ұлттық банк қазақстандықтарға шұғыл ескерту жасады
Фото: пресс-служба Национального банка РК
Қазақстан Ұлттық банкі (ҰБ) мекеменің фирмалық бланкісін пайдаланып, жалған құжаттар тарату арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің жиілегенін ескертті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Монетарлық реттеушінің баспасөз қызметі 2026 жылғы 6 қарашада қазақстандықтарға шұғыл ескерту жариялады.
"Алаяқтар Ұлттық банк атынан азаматтарға жалған хаттар жолдап, олардың алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлайды. Сондай-ақ ақшаны қауіпсіз қайтару үшін қаражатты белгілі бір шотқа аударуды ұсынады. Басқа жағдайларда алаяқтар ақша аударымы түскені туралы хабарлап, операцияны аяқтау үшін қаражатты тіркеу және декларациялау қажеттігін сылтауратып, әртүрлі себеппен белгілі бір соманы төлеуді талап етеді. Мұндай схемаларға "инкассаторлық көлікке тапсырыс беру және ақшаны көрсетілген мекенжайға жеткізу" деген сылтаумен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің немесе Ұлттық банктің "қызметкерлері" де қатысуы мүмкін", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Ұлттық банк аталған құжаттардағы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) мен мөрдің бедері белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін атап өтті.
Ұлттық банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақшаны декларациялаумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін тағы да еске салды.
"Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкілеттіктер шеңберінде Ұлттық банк өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша негізінен мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен және басқа да заңды тұлғалармен қызметтік хат алмасу жүргізеді. Азаматтармен өзара байланыс заңнамада белгіленген тәртіппен, соның ішінде "Е-өтініш" ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен өтініштерді қарау жолымен жүзеге асырылады. Бұл ретте Ұлттық банк жеке тұлғалармен мессенджерлер, электрондық пошта немесе әлеуметтік желілер арқылы хат алмаспайды", – деп хабарлады Ұлттық банк баспасөз қызметі.
Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды:
- сақ болуға;
- күмәнді шоттарға ақша аудармауға;
- жалған хабарламалар мен тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырды.
"Егер алаяқтық схемаларға тап болсаңыз, Қазақстанның құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береміз", – делінген хабарламада.
Қосымша ақпарат алу үшін қазақстандықтар Ұлттық банктің 1477 нөмірлі байланыс орталығына хабарласа алады.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
