Тоқаев Эмомали Рахмонды Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады

Тоқаев Эмомали Рахмонды Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.11.2026 13:42 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі салтанатты рәсімнің мәні терең әрі символикалық тұрғыдан ерекше екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазақ пен тәжік халықтарын ғасырлардан тамыр тартатын достық, рухани үндестік және ортақ тарихи тағдыр байланыстырады.

"Біздің өңіріміз әлемге көрнекті ойшылдар, ғалымдар, шайырлар мен ағартушылардың тұтас шоғырын сыйлады. Олардың мұрасы жекелеген елдер мен халықтардың ауқымынан асып, кең таралды. Ислам қайта өрлеу дәуірінің ең көрнекті тұлғаларының бірі – Қожа Ахмет Ясауи. Қазақ халқы ұлы ғұлама әрі ағартушы есімін ертеден ерекше қастер тұтады, киелі санайды. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – бүкіл өркениетке және әрине, ғасырлар бойы ортақ рухани дәстүрлері қалыптасқан Орталық Азия халықтарына тиесілі қазына", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың ілімі адамгершілік, әділет, мейірім және гуманизм идеяларына тұнып тұрғанын атап өтті.

"Бұл ілім шын мәнінде дүниетанымымызды, болмысымызды, өмір салтымызды қалыптастырды, жүздеген жылдар бойы адамдарды біріктіріп, олардың жақсылық пен жасампаздыққа деген сенімін арттырды. Ясауи танымы заманынан озық еді. Сондықтан бүгінге дейін ғибратты ғұмыр жолын нұсқайтын өзіндік бір рухани-адамгершілік бағдар қызметін атқарып келеді. Өзіңізге мәлім, құрметті Эмомали Шарипович, қолға алған реформалардың нәтижесінде қоғамымыз жан-жақты жаңғыруда. Жаңа қоғамдық этика қалыптастыру осы сан алуан жұмыстың ішінде ерекше орын алады. Қожа Ахмет Ясауи дәріптеген биік адамгершілік мұраттар, сондай-ақ әділет, еңбекқорлық, тазалық, патриотизм қағидаттары елімізде қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналды. Ясауи мұрасына айрықша мән бере отырып, биыл ұлы ойшыл, ғұлама, ағартушы тұлғаның құрметіне жаңа мемлекеттік марапат белгілеуді ұсындым", – деді Президент.

Тәжікстан Президенті Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

"Бұл марапатты мемлекеттеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі өзара құрмет пен сенімнің тағы бір дәлелі санаймын. Ең алдымен, бауырлас Қазақстанмен достық пен ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқан тәжік халқының еңбегіне берілген баға деп білемін. Бүгінде елдеріміздің қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың барлық негізгі бағыты бойынша орнықты дамып келе жатқаны қуантады. Біздің одақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміз қос халықтың игілігі жолында алдағы уақытта да беки беретініне сенімдімін", – деді Эмомали Рахмон.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: