Жамбыл облысында жолдаудың негізгі бағыттары түсіндірілді
Сурет: Жетісу облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпараттық топ құрамында Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек, Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Уалихан Болатбек пен Лугмар Буларов, сондай-ақ бейінді ведомстволардың, оның ішінде Су ресурстары және ирригация, Энергетика министрліктерінің вице-министрлері болды.
Кездесулер Тараз қаласындағы "Бақытты болашақ" оқушылар сарайында, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде, "Анаға тағзым" орталығында, "Таразэнергоорталық" АҚ-да, Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде және №67 мектепте, сондай-ақ Байзақ ауданының Көктал ауылында және Жамбыл ауданының Аса ауылында өтті. Жиындарда су тапшылығын азайту, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, өндірісті дамыту және тұрғындарды толғандырған әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелер талқыланды.
ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Су кодексі қабылданып, су заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау күшейтілген. Қазіргі уақытта ирригациялық желілерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл жүздеген мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейіп, соның нәтижесінде бір миллиард текше метрден астам су үнемделген.
Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесінің Жамбыл облысы үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыс аумағының үштен бір бөлігіндегі халық пен шаруашылық нысандары жер асты суларын пайдаланады. Алайда бұл қор шексіз емес. Сондықтан су тұтынуды бақылауды күшейтіп, әрбір су көзін ұтымды пайдалану қажет.
Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысының Жолдауында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын жедел аяқтау жөнінде тапсырма берілгенін атап өтті. Бұл жүйе су көлемін нақты есепке алуға, оны тиімді басқаруға және су тарату желілеріндегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Кездесулер қорытындысында ақпараттық топ мүшелері Жолдауда белгіленген міндеттердің орындалуы нақты нәтижелермен өлшенуі керектігін атап өтіп, тұрғындар мен сала мамандары көтерген мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығына назар аударды.


