Жол ережесін бұзғанын мақтан еткен алматылық өз өзін ұстап берді
Фото: Zakon.kz
Алматы қаласының полицейлері бұған дейін әлеуметтік желіде жол қозғалысы ережелерін ашық бұзып, өзіне ешқандай жаза қолданылмайтынын мәлімдеген әйелді анықтады. Жарияланған видеода әйелдің көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарғаны және белгіленген талаптарды орындаудан демонстративті түрде бас тартқаны көрінеді.
Алайда тексеру барысында оның бұдан да басқа заңбұзушылықтарға барғаны анықталды. Атап айтқанда, әйел сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлік тізгіндеген.
"Құқық бұзушыға қатысты бірнеше дерек бойынша әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, көлік құралын басқару құқығынан айырылғаннан кейін көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін пайдалану қағидаларын бұзу, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату фактілері тіркелді", – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаменті 2026 жылғы 9 қарашада.
Іс материалдары сотқа жолданды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Сонымен қатар автомобильдің басқа әйелге тиесілі екені анықталды. Көлікті жүргізу құқығынан айырылған адамға бергені үшін оның иесі де жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге тағы бір жауапкершілік негізін еске салды. Қыс мезгілінде жазғы шиналарды пайдаланғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабына сәйкес 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.