Көлік министрі балалар арбасымен автобусқа міну мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады
Сурет: Zakon.kz
Министрдің айтуынша, қоғамдық көлік балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы керек. Осыған байланысты ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сауалдарды ескере отырып, тиісті ережелерді қайта қарауға жіберу туралы шешім қабылданған.
"Ешкім ата-ананы кішкентай баласымен жүргені үшін арбасын жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлей алмайды. Көлік министрі ретінде қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды", – деп жазды Әсел Жанасова.
Оның сөзінше, ережелерді қайта қарау екіұшты түсіндіруге жол бермеу, жолаушылардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
Бұған дейін Көлік министрлігі балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. Ведомствоның түсіндіруінше, автобус салоны шамадан тыс толған жағдайда ата-анаға арналған бос орын болса, балалар арбасын жинап алып жүру көзделген. Алайда ата-анаға арбаны жинау қолайсыз болса, сапарын оны жайылған күйінде жалғастыра алады.
Министрлік бұл талапты орындамағаны үшін айыппұл салу немесе жолаушыны автобустан түсіру қарастырылмағанын да атап өткен.