Атырау облысында қызылшадан бір жасар бала қайтыс болды
Фото: primeminister.kz
Ведомствоның хабарлауынша, сәби 14 қарашада ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен. Оған дейін аудандық ауруханада емделген. Қызылша асқынып, баланың денсаулығы күрт нашарлаған.
"Негізгі ауруының асқынуы салдарынан екіжақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыған. Дәрігерлер қарқынды терапияның барлық қажетті шарасын қабылдағанымен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады", – делінген басқарма хабарламасында.
Облыстағы эпидемиологиялық жағдайға келсек, биыл 1 қазан мен 17 қараша аралығында қызылшаның зертханалық жолмен расталған 45 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде 78 адамнан инфекция анықталған.
Қазіргі уақытта ауруханада қызылшаға шалдыққаны расталған немесе осы инфекцияға күдік бар жеті науқас емделіп жатыр. Олардың төртеуінің диагнозы зертханалық талдаумен расталса, үшеуі дәрігерлердің бақылауында.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға түскен науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы вакцина алмаған.
Өңірде аурушаңдық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайған. Соған қарамастан, мамандар тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және қызылшаға қарсы екпе алуға шақырды.