"Құрылыс және тағы да құрылыс" Қазақстанның мызғымас қағидаты, жалпыұлттық ұраны болуға тиіс – Президент
Фото: Zakon.kz
Президенттің айтуынша, Қазақстан осы уақытқа дейін көптеген жетістікке жеткенімен, алда бұдан да биік мақсаттар тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жариялаған "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында алдағы жылдары елдің барлық өңірінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салынып, жаңғыртылатынын жеткізді.
Атап айтқанда, балабақшалар, мектептер, емханалар, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар мен жолдар салу жоспарланып отыр.
"Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болған жоқ. Бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін бермек", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент бағдарламаның өндіріс орындары мен кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал ететінін атап өтті.
"Себебі "Халықтық құрылыс" кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер пайда болады. Жұмыс орындары ашылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар атом, су және жылу электр стансалары, сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтары салынбақ.
Президент "Құрылыс және тағы да құрылыс" қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналатынын айтты.
Мемлекет басшысы ауқымды құрылыс жұмыстарымен қатар, цифрлық экономиканы қалыптастыру, логистика инфрақұрылымын дамыту және жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу маңызды міндет екенін атап өтті.
"Демек, "Халықтық құрылыс" жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейді. Ғылым саласы бұл ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек деп санаймын. Сондықтан бүгінгі жиынның өте өзекті екені анық", – деді Президент.
Оның сөзінше, бұл жұмыстарды сапалы жүзеге асыру үшін кәсіби даярлығы жоғары білікті мамандар мен жаңа мамандық иелері қажет.