ҰҚК-нің әскери және арнаулы оқу орындарына ауысу тәртібі өзгерді

Комитет национальной безопасности РК, КНБ РК, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.11.2026 16:26 Фото: Zakon.kz
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы 2026 жылғы 12 қарашадағы бұйрығымен ҰҚК органдарының әскери және арнаулы оқу орындарына ауысу және қайта қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан, соның ішінде әскери және арнаулы оқу орындарынан ҰҚК органдарының әскери және арнаулы оқу орындарына (бұдан әрі – ҰҚК ӘАОО) туыстас білім беру бағдарламалары бойынша ауысу тәртібі нақтыланды.

Мұндай ауысу каникул кезеңінде тиісті курста бос орын болған жағдайда жүзеге асырылады. Бұл ретте оқу жылының нәтижелері мен жинаған ауысу балы ескеріледі. Бакалавриат бойынша жұмыс оқу жоспарларындағы айырмашылық төрт оқу пәнінен немесе міндетті компонент модулінен аспауға тиіс. Бұл талап ҰҚК ӘАОО арасындағы ауысуға қолданылмайды.

ҰҚК-нің әскери және арнаулы оқу орындары арасында ауысу

ҰҚК ӘАОО арасында бірінші курс білім алушыларына туыстас білім беру бағдарламалары бойынша оқу жылы ішінде немесе каникул кезеңінде (жазғы, қысқы демалыс) ауысуға рұқсат етіледі. Бұл шешімді ҰҚК төрағасы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға қабылдайды. Кейін білім алушы академиялық айырмашылықты тапсыруға тиіс.

Ауысу білім алушының рапорты негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте оның тәртіптік жазасы болмауы және ҰҚК ӘАОО басшысының оң мінездемесі болуы қажет.

ҰҚК ӘАОО ішінде бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне ауысу келесі академиялық кезең басталғанға дейін жүзеге асырылады. Ол үшін тиісті курста бос орын болуы керек. Бітіруші курстың соңғы академиялық кезеңінде ауысуға жол берілмейді.

Бакалавриат бойынша жұмыс оқу жоспарларындағы айырмашылық міндетті компоненттің төрт оқу пәнінен немесе модулінен, ал жоғары оқу орны компонентінің бес пәнінен немесе модулінен аспауы керек. Сонымен қатар оқу жылының нәтижелері мен жинаған ауысу балы ескеріледі.

Жоғары білім негізінде қысқартылған оқу мерзімі бойынша даярлау бағдарламаларына ҰҚК ӘАОО-ға ауысуға рұқсат етілмейді.

Ауысу үшін қандай құжаттар қажет?

Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын және ҰҚК ӘАОО-ға ауысуға ниетті азаматтар (оқуға кандидаттар) ауысатын жылдан бұрынғы жылдың 1 желтоқсанына дейін ҰҚК бөлімшелері мен аумақтық органдары арқылы ҰҚК ӘАОО бастығының атына оқу тілін көрсете отырып, еркін нысанда өтініш береді.

Өтінішке мына құжаттар қоса тіркеледі:

  • жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;
  • алдыңғы білім деңгейі туралы құжаттың көшірмесі және қосымшасы (бар болса). Шетелде білім алғандар құжаттың қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасын ұсынуы керек. Шетелдік білім беру ұйымдарында, олардың филиалдарында, ғылыми орталықтар мен зертханаларда орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім алған адамдардың құжаттары тану рәсімінен өтеді;
  • жоғары оқу орны немесе әскери және арнаулы оқу орны басшысының оқу және оқу-әдістемелік жұмысты қадағалайтын орынбасары мен оқу-әдістемелік бөлім қызметкері қол қойған, елтаңбалы мөрмен расталған транскрипт көшірмесі;
  • Ұлттық бірыңғай тестілеу немесе кешенді тестілеу тапсырғаны туралы сертификаттың көшірмесі;
  • бас киімсіз түскен 4,5 × 6 см өлшеміндегі алты фотосурет;
  • тіркеу куәлігінің көшірмесі;
  • өмірбаян және сауалнама (түпнұсқа).

Білім беру бағдарламасын ауыстыру тәртібі де нақтыланды

ҰҚК ӘАОО-да білім алып жүрген және басқа білім беру бағдарламасына ауысқысы келетін азаматтар ауысатын жылдан бұрынғы жылдың 1 желтоқсанына дейін оқу тілін көрсете отырып, оқу орнының бастығына еркін нысанда рапорт береді.

Егер рапорт оң шешімін тапса, білім алушыны оқуға жіберген ҰҚК бөлімшесіне келісу үшін хат жолданады. Оң жауап алынғаннан кейін ҰҚК ӘАОО бастығы білім алушыны басқа білім беру бағдарламасына ауыстыру туралы бұйрық шығарады.

Білім алушыны ауыстыру академиялық күнтізбеге сәйкес оқу семестрі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.

Сонымен қатар білім алушы бірінші академиялық кезеңді жұмыс оқу жоспарына сәйкес аяқтап, бакалавриат бойынша оқу жоспарларындағы айырмашылық бес оқу пәнінен аспаған жағдайда, ҰҚК ӘАОО-ның кадр бөлімшесі екі жұмыс күні ішінде тексеру іс-шараларын бастайды.

Бұйрық 2026 жылғы 30 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: