Әскери және арнаулы оқу орындарына түсу тәртібі жеңілдейді
Фото: Дмитрий Дегтярев
Құжатқа сәйкес, енді талапкерлердің балл көрсеткіштері тең болған жағдайда басымдық әлеуметтік осал топтарға және дарынды жастарға беріледі. Атап айтқанда, жетім балалар, "Алтын белгі" иегерлері және халықаралық олимпиада жеңімпаздарына артықшылық қарастырылған, деп жазады qazaqstan.tv.
Арнаулы оқу орындарына ұлттық қауіпсіздік органдарының академиялары, ішкі істер органдарының оқу орындары және әскери институттар жатады. Бұл білім беру ұйымдары нақты бір қызметке бағытталған мамандар даярлайды.
Сонымен қатар заң жобасында IT саласының мамандарын арнаулы мемлекеттік органдарға тарту тетігі де өзгертіледі. Бұған дейін мұндай қызметке қабылдау үшін жас шектеуі белгіленген болса, енді бұл талапты алып тастау ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс цифрландыру дәуірінде білікті IT мамандарға деген сұраныстың артуымен байланысты.
Құжатта терроризм мен экстремизмнің алдын алу шараларын күшейту де көзделген. Енді экстремистік және террористік материалдарды тек тарату ғана емес, оларды сақтау да заңмен тыйым салынуы мүмкін. Бұған дейін жауапкершілік тек мұндай материалдарды таратқандарға ғана жүктелетін.
Депутаттар интернет кеңістігінде де бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті. Әсіресе аудио және бейнематериалдарды желіде тарату мәселесіне ерекше назар аудару ұсынылды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік құпияны білетін тұлғаларға қатысты талаптар қатаңдатылады. Егер олар рұқсатсыз шетелге шығатын болса, жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда айыппұл мөлшері екі есеге дейін ұлғаяды. Ал заңбұзушылық қайталанса, қызметкер жұмыстан босатылуы мүмкін.
Аталған заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданып, екінші оқылымға жолданды. Алдағы уақытта депутаттар құжатты талқылап, оған қосымша өзгерістер енгізуі ықтимал.