Қарағанды тұрғыны екі жыл бойы өзін аңдыған ер адамның кесірінен қорқынышпен өмір сүрген
Фото: pixabay
Сот анықтағандай, Б. есімді ер адам 2024 жылғы 12 наурыз бен 2026 жылғы 14 қыркүйек аралығында жәбірленушіні аңдыған. Әйел онымен араласқысы келмейтінін айтқанына қарамастан, ол бірнеше рет үйіне келіп, жанжал шығарып, балағат сөздер айтқан.
Әйел оның байланыс нөмірлерін бұғаттағаннан кейін де қудалау тоқтамаған.
"2026 жылғы 24 тамызда Б.-ға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Алайда ол әйелді аңдуын тоқтатпай, онымен байланыс орнату мақсатында WhatsApp мессенджері арқылы хабарлама жіберуді жалғастырған. Б.-ның кінәсі өз кінәсін мойындаған жауабымен, жәбірленушінің айғақтарымен, ұялы телефонды алу хаттамасымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.
Мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші сотталушыны қоғамдық жұмысқа тартуды сұраған. Ал қорғау тарапы ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабында көзделген ең жеңіл жаза тағайындауды талап еткен.
Сот ер адамның шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмаған.
Нәтижесінде Б.-ға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған бір жыл мерзімге мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар қойылды.
Енді ер адамға жәбірленушіні іздеуге және аңдуға, оның жүрген жерлеріне баруға, онымен ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, сондай-ақ отбасы мүшелері арқылы қоса алғанда, кез келген өзге тәсілмен байланысуға тыйым салынды.
Үкім заңды күшіне енді.