Қазақстанда энергия үнемдеу талаптарын бұзғандарға қандай жаза қолданылуы мүмкін

Алматинская ТЭЦ-2, Алматинская ТЭЦ 2, теплоэлектроцентраль, тепловая электростанция, электроэнергия, отопление, теплоснабжение, тепловая энергия, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.11.2026 13:32 Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Депутат Арман Халықов 2026 жылғы 25 қарашада Құрылтайда өткен брифингте Қазақстанда энергия үнемдеу талаптарын сақтамағандарға алдымен ескерту жасалып, кейін 50 АЕК-ке дейін айыппұл салу ұсынылып отырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Арман Халықовтың айтуынша, жұмыс тобы бастапқыда ұсынылған айыппұл мөлшерін қолдамаған.

"Барлық пікірді ескере отырып, ең алдымен ескерту жасау туралы түзету енгіздік. Бұрын мұндай норма болмаған. Ол бірінші жылы қолданылады. Екінші жылдан бастап 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Депутаттар бұл ұсынысты қабылдай ма, жоқ па, білмеймін. Біз оны талқылауға ұсынып отырмыз. Энергия үнемдеу шараларын жүйелі түрде орындамаған жағдайда салынатын ең жоғары айыппұл 50 АЕК-пен шектеледі. Яғни, 10-нан 50 АЕК-ке дейін. Ал бірінші жылы ескерту жасалады. Ескертуден нақты айыппұл салуға дейін екі жыл уақыт беріледі", – деді депутат.

Ол екінші заң жобасында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, айыппұлдар энергияны үнемдеуге ынталандыруға және шығындарды азайтуға бағытталған мемлекеттік реттеу құралдарының бірі болмақ.

"Бұл шығындардың барлығын өз қалтамыздан төлейтінімізді түсінеміз. Бюджеттік ұйымдардың, балабақшалардың, ауруханалар мен мектептердің жылу ақысын да өзіміз төлейміз. Өйткені коммуналдық төлемдер салық есебінен өтеледі. Сондықтан ықпал ету әдістерінің бірі ретінде айыппұл салуды қарастырдық", – деп жалғастырды Арман Халықов.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мектеп немесе балабақшаның энергия тиімділігін арттыру үшін оны жаңғырту орта есеппен қанша тұратынын сұрады.

"Ең алдымен еліміздің ауқымын ескеру қажет. Қазақстан – өте үлкен мемлекет. Оңтүстік өңірлерге қолайлы кейбір стандарттар солтүстікке мүлде сәйкес келмеуі мүмкін. Климаттық жағдайлар әртүрлі. Сондықтан бұл мәселе нарық арқылы реттеледі. Біз оны жеке нарықтың құзырына береміз. Қызмет көрсетушілер географиялық және климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, қандай стандарттарды қолдану керегін өздері айқындайды. Сондай-ақ жаңғырту жұмыстарының ауқымына да байланысты. Кей жағдайда автоматтандырылған жылу пункттерін, жарық пен қозғалыс датчиктерін орнату жеткілікті болуы мүмкін. Ал басқа жағдайда шатырды ауыстырып, қабырғаларды немесе терезелерді жылыту қажет болады. Нақты соманы бірден айту мүмкін емес. Ол үшін алдымен энергетикалық аудит жүргізілуі керек", – деді Арман Халықов.

Энергетикалық аудиттің құнына қатысты депутат әзірге нақты соманы атай алмайтынын айтты. Оның сөзінше, қазір Қазақстанда мұндай қызмет көрсететін 200-ге жуық ұйым жұмыс істейді. 2012 жылы энергия үнемдеу туралы заң қабылданғаннан кейін олардың саны әлдеқайда көп болған. Алайда сұраныстың төмен болуына байланысты көптеген компания жабылып қалған.

Арман Халыков бұл нарықта бәсекелестіктің дамуы энергетикалық аудит құнын төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов энергетикалық аудит құны 2 миллион теңгеден басталатынын нақтылады.

Бұған дейін Құрылтай депутаттары энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: