Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ-ға кеткеннен кейін Өнеркәсіп министрлігін кім уақытша басқарады

Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ-ға кеткеннен кейін Өнеркәсіп министрлігін кім уақытша басқарады, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2026 17:06 Сурет: gov.kz
39 жастағы Рахымжан Исақұлов Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін уақытша атқарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі растады.

"ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов министр белгіленген тәртіппен тағайындалғанға дейін оның міндетін уақытша атқарады", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі Zakon.kz тілшісіне 2026 жылғы 26 қарашада.

Министрліктің баспасөз қызметі нақтылағандай, қазіргі уақытта Рахымжан Исақұлов ведомствоны басқару өкілеттігін жүзеге асырып, оның күнделікті жұмысын қамтамасыз етеді.

"Ол жаңа министр тағайындалғанға дейін міндетін атқарады", – деп толықтырды баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы Рахымжан Исақұлов азаматтарды жеке қабылдап та үлгерді. Қабылдау 25 қарашада өтті.

"Кездесу барысында тұрғындар тұрғын үй құрылысының сапасы, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару, мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) қызметі, сондай-ақ тұрғындардың үйді басқару органдарымен өзара іс-қимылы жөнінде өзекті мәселелер көтерді. Ортақ мүлікті күтіп ұстау, МИБ жұмысын ұйымдастыру, қабылданатын шешімдердің ашықтығы және көппәтерлі үйлерді тиісінше басқару үшін тараптардың жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Әрбір өтініш бойынша тұрғындардың уәждері тыңдалып, тиісті түсініктемелер берілді. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелер бейінді бөлімшелердің бақылауына алынды", – деп мәлімдеді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.

Рахымжан Исақұлов 1987 жылғы 5 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. Лондондағы Роял Холлоуэй университетін "Болашақ" бағдарламасы бойынша "Экономика және менеджмент бакалавры" мамандығымен бітірген. Сондай-ақ Жапония үкіметінің грантымен Жас көшбасшылар бағдарламасы аясында Ұлттық саяси зерттеулер жоғары институтында білім алып, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2010 жылы ҚР Президенті Кеңсесінде референт міндетін атқарушы болып бастаған. 2013-2018 жылдары Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің консультантынан бастап, Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторына дейінгі түрлі қызметтерді атқарған.

2018-2020 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратын, 2020-2022 жылдары Астана қаласы әкімінің аппаратын басқарған. 2022-2023 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аппарат басшысы, ал 2023-2024 жылдары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысы болған.

2024 жылғы 15 қарашада ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі болып тағайындалды.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Ол бұл қызметті 2025 жылғы 28 ақпаннан бері атқарған.

Кейін "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен Ерсайын Нағаспаев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: