Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысы бар күдікті әйел ұсталды
Фото: Zakon.kz
Тергеу нұсқасы бойынша, ол үйді жеке бас араздығы салдарынан қасақана өртеген болуы мүмкін. Бұл туралы Алматы полиция департаменті мәлімдеді.
Полиция қызметкерлері тергеу барысында бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, оқиғаға қатысы болуы мүмкін әйелдің жүрген бағытын анықтаған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 37 жастағы әйел қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, қазір аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні қаланың Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтаған кезде үй ішінен бес адамның мәйіті табылды.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Өрт салдарынан баспанасынан айырылған тұрғындар қонақүйге орналастырылды.