BilimClass платформасына кибершабуыл жасалды
Сурет: gov.kz
Компанияның мәліметінше, кибершабуыл түнгі сағат 01:09-да болған. Платформа командасы оқушылардың, ата-аналар мен педагогтердің деректерін қорғау үшін жедел шаралар қабылдаған.
Сағат 09:00-дегі жағдай бойынша BilimClass платформасының жұмысы қалпына келтірілді. Тексеру барысында шабуыл жасағандар мәтін аудару сервисіне қол жеткізіп, кейбір оқу пәндерінің атауын өзгерткені анықталды. Олардың әрекеті дереу тоқтатылған.
Компания өкілдері белгісіз адамдардың платформаға уақытша әрі шектеулі қол жеткізуі пайдаланушылардың деректеріне әсер етпегенін мәлімдеді. Қазір тексеру жалғасып жатыр. Оның нәтижесі туралы қосымша ақпарат беріледі.
Сондай-ақ 27 қарашада BilimClass білім беру платформасында жергілікті техникалық ақау болған еді. Сол кезде компания пайдаланушылардың барлық дерегі толық сақталғанын және ақпараттың таралу дерегі анықталмағанын хабарлаған.