"Айка" фильмінің прокатқа қай уақытта шығатыны белгілі болды
"Айка" фильмі кең прокатқа жақын айларда шығады. Бұл туралы мәдениет және спорт Министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында картина режиссері Сергей Дворцевой хабарлады, деп жазады Today.kz.
ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Канн фестивалінде "Айка" фильміндегі "ең үздік әйел рөлі үшін" марапатталған Самал Еслямовамен кездесті. Министр актрисаға қазақы нақыштағы киім киіп шыққаны үшін алғыс білдіріп, оған шапан сыйға тартты. Сергей Дворцевойға естелік сыйлық табыстады.
"Үнемі аттың үстінде жүрсін деген ниетпен", – деді Мұхамедиұлы.
Кездесу барысында режиссер фильмнің қашан және қай кезде көрсетілетінін айтты.
"Әлемде және Ресейде күзде прокатқа шығады, ал Қазақстанда қашан шығатыны талқыланып жатыр", – деді режиссер.
Режиссердің сөзінше, картина әлі қаралай күйінде, монтажды аяқтау үшін бір-бір жарым ай уақыт керек. Алты жыл түсірілген киноға 2,5 миллион евро қаражат жұмсалғанын да қоса айтты режиссер.
"Алты жылдық түсірілім үшін 2,5 миллион евро жұмсалды. Бұл еуропалық кино үшін шағын бюджет, бір тілім нанға кішкене май жаққан сияқты", – деді Дворцевой.
Әңгіме барысында режиссер Қазақстанда кино түсіргісі келетінін де айтып қалды.
"Мен 29 жыл Қазақстанда тұрдым, Шымкентте тудым, бұл жылдарды лақтырып тастай алмайсың. Әрине, Қазақстанда кино түсіргім келеді", – деді Дворцевой.
Самал Еслямова болса танымал болмағанға дейінгі өмірі туралы айтты.
"Қазақ мектебін тәмамдадым, содан кейін Павлодар өнер колледжіне актерлік курсқа оқуға түстім. Қазақ театрының көркемдік жетекшісі Оразалы Жарқын Сәрсембек тәжірибе түрінде актерлік білімнен қазақ курсын ашты. Қазақ театрында қосымша құрамда жұмыс істедім", – деді Еслямова.
Бұдан кейін ол Сергей Дворцевойдың "Тюльпан" көркемдік картинасының кастингі туралы естіген.
"Мені таңдап алды, түсірілімнен кейін Ресейлік театр өнері университетіне оқуға түстім. Кейін өз күшімді сынамағаныма өкініп қалмау үшін тырысып көруге шешім қабылдадым. Бұны тәмамдаған соң Сергей Владимирович (Дворцевой – ред.) мені өзінің екінші картинасы "Айкаға" шақырды", – деді актриса.
Естеріңізге салайық, Самал Еслямова 71-Канн кинофестивалінде "ең үздік әйел рөлі үшін" әлемдік беделді сыйлыққа ие болды. Бұл марапатты ол ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильміндегі басты рөлі үшін алды.