Қайрат Нұртастың інісі енді қытайша рэп оқымақ
Қайрат және Заңғар Нұртастың орындауындағы “My Universe” әні екі аптадан бері халық аузында. Ағалы-інілі өнерпаздар ағылшынша әнші акцентпен орындағаны үшін қатал сынға ұшырап, тіпті күлкіге қалған еді. Алайда Қайрат та, інісі Заңғар да оған ренжімейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Ең бастысы, халыққа хайп сыйладық, дегенді алға тартады олар. Заңғар Нұртас “Гәкку” арнасының “Ұят Parade” бағдарламасына берген сұхбатында халықтың сынын қалай қабылдағанын айтып берді.
“Клип шыққан алғашқы күні жағымсыз пікірлер көңіліме тиді. Сосын “мұның барлығы хайп емес пе? Мен алғаш рет сахнаға шығып тұрмын. Бұл менің алғашқы әнім, алғашқы бейнеклипім. 2-3 күнде мені барлық халық танып жатса, оның несі жаман? – деп ойладым”, – дейді Заңғар ағынан жарылып.
Бұл орайда Қайрат Нұртастың інісі ағылшынша әнге шала дайындалғанын мойындап отыр.
“Мен негізі көп дайындалған жоқпын, 1-2 күн дайындалдық. Бірақ енді қазақ баласы болған соң, менде акцент болмаса, ағылшын азаматында акцент болмайды ғой, дұрыс па?” – деп ақталды ол.
Заңғар аталған әнші америкалықтардың да, ағылшындардың да тыңдамайтынын біледі. Соған қарамастан, ол шет тілінде ән жаздыруының себебін түсіндірді.
“Қазір ХХІ ғасыр, жаңа форматта, жаңа стильде ән шығару керек. Барлығын көру керек қой. Ағылшынша, орысша, қытайша айтамын. Керек болса, қазір-ақ қытайша айтып бере аламын. Бірақ Қазақстанда барлығынан сын табылады. Сондықтан да оған көңіл аудара бермеу керек деп ойлаймын”, – дейді Заңғар.