Медеу Арынбаев әйелінен айырылғалы қалай қиналып жүргенін айтты
Лирикалық әндерге жаны жақын Медеу Арынбаевтың жаңа бейнебаяны ғашықтар сезімін әспеттей түскендей. Әнші осы бейнебаянындағы басты рөлді өз әйеліне ұқсайтын аруға ұсынған. Жарынан 7 жыл бұрын айырылған әншінің неліктен әлі күнге дейін жалғыз жүргені түсінікті болғандай, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Медеу Арынбаев сүйіктісінен айырылғанына жеті жыл өтсе де, неліктен бос жүргенін түсіндірді. Бастапқыда балалары қарсы болған екен. Сондай-ақ, ол ұлын ұяға, қызын қияға қондырмайынша отбасын құрмайтынын айтты.
"Әрине, бала-шағамның қас-қабағына қарадым. Анама арқа сүйеп жеті жыл жүріп қалдым. Ол кісі осы уақыт бойы бізді аяққа тұрғызып, демеп жіберді. Бала екенімді сезініп, енді ғана ер жеткендей күй кешіп жүрмін. Мұның алдында бала болып еркелеп жүрген екенбіз. Таңертең тұрып балаларыма тамақ істеп беретін кездерім де болады. Ода тұрған ешнәрсе жоқ. Балаларым таңертең өздері оянады. Үшеуімізде үш кілт бар. Үйге емін-еркін кіріп-шығамыз. Бірақ, қыздың жолы жіңішке. Ұлым Дәулет аздап қарындасына ұрысып тұрады. Әдетте мен айтқым келгенді Дәулет арқылы жеткізіп отырамын. Арамызда әдемі сезім мен түсіністік бар. Мен барынша оларға өз әрекетіммен үлгі болуға тырысып жүрмін. Бір-екі рет ұрысып көрдім. Оның еш пайдасы жоқ екен", — деді әнші 31 арнаның "Айта берсін" бағдарламасында.
Сондай-ақ, ол бүгінде өзі көз салып жүрген нәзік жандылардың бар екенін жасырмады. Алайда олардың кейбіреуі әншіні ұната бермейді екен.
"Муза көп. Айналамда небір муза жүр. Мен қызығатын әйел жоқ дейсің бе? Келіншек жоқ дейсің бе? Бар. Бірақ, біреуінің басы бос емес. Екіншісі мен жақсы көргенмен, мені ұнатпайды өздерінше. Кейде жыным келеді. Сондай-ақ, көкейімде осыларды аяққа тұрғызбай жатып үйлене аламын ба деген сұрақ тұрады. Әйел болады, мен жалғыз қалмаймын. Балалар ер жетіп кеткен соң біреуді тауып аламын. Мен үшін уайымдамаңыздар", — деді ол.
Әрі қарай Медеу Арынбаев неге әріптесі Абай Бегей секілді әйелі бақилық болған соң араға аз уақыт салып үйленбегенін түсіндірді. Айтуынша, өзінің өзгелерден ұстамы бөлек.
"Менің ұстанымым Абайдан бөлектеу шығар. Орыстар махаббатқа қатысты "однолюб" сөзін жиі қолданады. Көкейімнен қайткен күнде де Айгүл кетпейді. Күліп, құлағыма сыбырлап, төбемнен қарап тұратын сияқты. Балаларымыздың өсіп келе жатқанын көріп қуанып тұрған сияқты. Көз алдымнан кетпейді. Қайткен күнде де ол менің жүрегімде. "Мен сені мәңгі сүйемін", "Бақыттымын өзіңмен", "Айналайын, алтыным" деген арнау әндер сол себепті шығып жатқан болар", — деді әнші.
Ал Медеу Арынбаевтың балалары өз кезектерін әкелерінің үйленіп, бақытты болғанын қалайтындарын жеткізді. Десе де, көпке дейін өгей аналарының болуына қарсы болып келгендерін жасырмады.
"Әлбетте, бала күнімізде қарсы екенімізді айттық. Анамыздан өзге ешкімді көргіміз келмеді. Ал қазір бұл нәрсеге қарсыласпаймыз. Әкеміздің өзі шешкені дұрыс болар деп ойлаймын. Сол себепті қазір бұл мәселеге қатысты белгілі бір кеңестер беріп жүрген жоқпыз. Қалай жасағысы келсе, соны істесін", — дейді Медеу Арынбаевтың тұңғышы Дәулет.
Әншінің қызы да осындай пікірде екен. Ол бұл тақырып үйде жиі көтерілмесе де, іштей әкелеріне өмірлік жарын табуға шын жүректерімен тілектес екендерін жеткізді.
"Біз үшін оның бақытты болғаны маңызды. Қазір біз оған қарсы емеспіз. Ал бала күнімізде қарсы болғанымыз рас. Шыны керек, бұл тақырыпта аса жақсы сөйлеспейміз. Әкеміздің өзі де көп айта бермейді", — деді әншінің қызы.