Танымал журналист сотталған Гауһар Әлімбековаға қолдау білдірді
Күні кеше танымал әнші Гауһар Әлімбекованың 6 жылға сотталғаны туралы тараған ақпарат жұртты дүр сілкіндірді. «Алаяқтық жасады» деп айыпталған әншіге белгілі журналист Бибігүл Дәулетбек араша түсті. Ол отандық әншілерден әріптестеріне көмек қолын созуды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz.
Өз сөзінде Бибігүл Дәулетбек талай бұрымдығы өсиетін айтып, үлкен өмірге аттандырып жүрген әншіні «алаяқ» деп айта алмайтынын жеткізді. Ол Әлімбекова біреудің арбауына түсіп қалуы мүмкін деп топшылады.
«Қазағым-ау, неден соншама қатты болдыңдар?! Қазағымның аяулы қызы туралыны естіп, есімнен танып қалғандай күй кешудемін. Қу ақша үшін 6 жылды беріпті.
Мен Гауһарды өмірде талай рет кездестірдім. Менің бағдарламаларыма келіп те жүр. Аузын ашса көмейі көрінетін әнші. Дәл мынадай қарызын білгенде сол 40 мың долларды ел болып жинап берер едік қой. Талай келіннің бетін ашқан, талай қызды “Ақ босаға” әнімен шығарып салған Гауһар Әлімбекованы осындай дәрежеге түсіріп, жарияға жар салып “алаяқ” деуге дәтім бармайды. Аңқылдаған әнші біреудің арбауына түсіп қалуы әбден мүмкін.
Сенбеймін, сенгім де келмейді», – деп жазды журналист Instagram-парақшасында.
Сонымен қатар ол отандық әншілерді өнердегі әріптесіне көмек қолын созуға шақырды.
«Арыз берушіге айтарым: соттатып отырғызғаныңызда жеріңіз кеңейіп қалды ма?! Әншілер! Әріптестеріңе көмек қолын созыңыздар! Әрқайсыңыз бір тойыңыздың ақшасын берсеңіздер, кеміп қалмайсыздар!» – дейді Бибігүл Дәулетбек.
Өз сөзінде журналист Гауһар Әлімбекованың сіңлісімен сөйлескенін, жақындарының оның істі болғанын білмегенін айтты.
«Гауһардың сіңлісінен барлық ақпаратты білуге тырыстым. Үкім шығып қойыпты. Гауһардың бүкіл отбасы есеңгіреп отыр екен. Ол ешкімге ештеңе айтпаған. Сотта дәл мынадай болады деп ойламаған да болуы керек. Намыстанған да шығар, кім білсін?! Себебі, отбасы бейxабар. Бүгін жаңалықтан естіп, есеңгіреп отыр барлығы…», – дейді ол.
Сондай-ақ, ол белгілі қорғаушы Сұңқар Нұрмағамбетов әншіге қатысты істі қолға алып, араша түссе деген тілегін білдірді.
Еске сала кетсек, күні кеше әнші Гауһар Әлімбекованың 6 жылға сотталғаны белгілі болған еді.