Конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жасай алдық - Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстан - ұлттық қауіпсіздік пен діни еркіндікті қорғау арасындағы үйлесімді тапқан мемлекет. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің мемлекетте халықтың көбі өзін мұсылман деп санағанымен, басқа діндегілердің еркіндігіне бұл ешқандай кедергі келтірмейді. Біздің елорданы аралап жүріп, бұған анық көз жеткізе аласыз. Әртүрлі діндердің храмдары Астанада бар. Ол жерге адамдар еркін барып, құдайға жалбарына алады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанда 3,5 мың діни субъект пен әртүрлі 18 конфессия барын айтты.
«Осыған қарамастан, Қазақстан ұлттық қауіпсіздік пен діни еркіндікті қорғау арасындағы үйлесімді тапты. Біздің мемлекетте конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің ерекше - қазақстандық моделін құруға қол жеткізе алдық. Қазақстанның тәжірибесін жаһандық деңгейде қолдануға болатынын атап өтуге болады. Біздің бірлескен жұмысымыз бейбітшілікті, прогресті қалыптастыруда нақты нәтиже бере алады», - деді Қазақстан Президенті.
Еске сала кетсек, елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтіп жатыр.
Съез барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын бекітуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ватиканның папалық кеңесіне «Дінаралық диалогқа үлес қосқаны» үшін сыйлығын табыс етті.
Ал орыс православие шіркеуінің епископы, Волоколам митрополиті, Мәскеу мен бүкіл Русь Патриархының викариі Митрополи́т Иларио́н Астанадағы дәстүрлі дәндер съезі әлемдегі ең ірі форумдардың біріне айналғанын атап өтті.