Сүрбойдақ Кенталды қай сұлу "қақпанға түсіргені" белгілі болды
Шоу-бизнестегі қатқан сүрбойдақтардың бірі Кентал үйленгелі жатыр. Ол қызына жақында ғана ұсыныс жасады, ал той көктемге жоспарланыпты, деп хабарлайды Zakon.kz Гәкку арнасына сілтеме жасап.
"Бірлік болсын әлемде, бірлік болсын елімде, аман болсын халқым, халқым" деп үш ауыз сөзден тұратын әнге клип түсіріп, барша жұртқа танылған Кентал 1987 жылы туған, көкшетаулық әнші. 30-дан асқан шоу-бизнес өкілі үйлену жағына келгенде бүгінге дейін түк асығыстық танытпаған еді. Кейбірі оны Мақпал Исабековаға қосып, екеуі жасырын үйленіп алған деп шуласқан бір кездері. Бірақ бұл ақпарат расталмады. Одан бөлек Кенталды Санда деген әнші қызға қосқандар да болды. Міне, бұл дақпырт сөздің бәрі енді артта қалмақ. Кентал осы жолы шындап қалыңдығына сөз салып, үйленуге сөз байласқан.
- Улатып-шулатқанымыз жоқ. Оны театрлық сахнаға да айналдырмадық. Әдеттегідей, мейрамханаға шақырдым. Сол арада бір құшақ гүлімді ұсынып, қолына сақина тақтым. "Күйеуге шығасың ба маған" деп сұрадым. Ол өз келісімін берді. Той көктемде болып қалатын шығар.
Енді сол сүйікті қалыңдығыма арнап қазір бейнебаян түсіріп жатырмын. Бүгіндері үйленіп, тез ажырасып кететін жастар бар ғой. Соларға сабақ болсын деп бір жағынан бұл бейнебаянды шығарудамын. Оған қалыңдығым түспейді. Оған басынан ескертіп айттым, үй мен жұмысты араластырмаймыз деп. Ол менің жұмысыма, түсірілім алаңына келгісі келді. Бірақ мен тыйым салдым. Үйде отырасың дедім, - дейді Кентал.
Бейнебаянға түсіп жатқан Әсел Асқар Кенталдың қалыңдығын танитын болып шықты.
"Ол өте қарапайым қыз. Барлық жағынан Кенталды қолдап, оны жақсы көретіні көрініп тұр", - дейді ол. Соған қарағанда Кенталдың таңдаған қалыңдығының шоу-бизнеске еш қатысы жоқ секілді.
алдыңғы бір сұқбатында Кентал жүріп жүрген қызы бары екенін, онымен қалай танысқанын да айтып берген еді.
"Сол күні жаңбыр жауып тұрған еді. Қарасам бір қыз қолшатырсыз кетіп барады. Менде қолшатыр бар. Сөйтіп, қолшатырдың астында таныстық", - дейді өнер иесі.