Әлемді аралап жүрген "Алтын адам" Малайзияға жетті
Куала-Лумпурдағы Малайзия музейлерінің департаментінде ҚР Ұлттық музейінің "Ұлы дала: тарих және мәдениет" көрмесінің салтанатты ашылуы болды, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ең құнды жәдігері "Алтын адам" қойылды. Әлемді аралап жүрген "Алтын адам" - Қазақстанның символы!
Осыған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ұйымдастырған халықаралық "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" жобасы аясындағы ауқымды шара: Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркия музейлеріндегі көрмелерде үлкен жетістікпен өтті.
Айта кетсек, 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – "Алтын адамның" сүйегі табылған археологиялық сенсация болды. Баға жетпес олжаға "Қазақ Тутанхамоны" деген ат беріліп, "Ғасыр жаңалығы" деп танылды.