Роза Рымбаева: Барлық қазақ секілді жатақханада тұрдым
Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева өзінің үлде мен бүлдеге оранған бай әртіс емес екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы әнші "Оңай емес" бағдарламасына берген сұқбатында айтты.
"...Менің өмірім барлық қазақ секілді жатақханадан басталды. Одан соң "Алтын орфейді" жеңіп келгеннен кейін бір бөлмелі үйге ие болдым. Қазақстанның Халық әртісі болып, 5 жылдан соң үш бөлмелі баспанам болды. Осылайша уақытымен, өз орнымен тұрмыс жағдайым жасалды. Ешқашан үлде мен бүлдеге оранған бай әртіс болған емеспін. Бірақ мені халық еркелетті, сондай бай көңілге бөлендім, әсіресе сахнада.
Талантым, жастығым, өнерім үшін еркелетті. Әсіресе, сол конкурстан соң атағым шығып, ел мені танып, үлкен қолдау көрсетті. Әрине, мен еркеледім. Әнімді тыңдауға келіп, гүл беріп жатқанда қуанасың. Жас кезінде. Сол үшін ерке әндерді орындадым. Ал қазір, әсіресе менің құрдастарым концертіме сырласу үшін келеді деп ойлаймын. Сондықтан ойлы әндер орындауға тырысамын", - дейді әнші.