Баяғыдай Дубай жоқ: Бүркіт Аишасымен Балқашта, Баян мен Гүлзира ханым Алакөлде жүр
Жаз шықса Түркия мен Таиландта тынығып, алыс-жақын шетелдерге асығатын отандық шоу-бизнес өкілдері биыл амалсыз елімізде демалды. Шекара жабылғандықтан Шарм-әл-Шейхты Шығыстағы Қатон-Қарағайға, Египеттегі пирамидаларды оңтүстіктегі Шарын шатқалына алмастырған танымал жандар отандық туризмнің дамуына үлесін қосты, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бірақ оларға құны қымбат қонақүйлер мен қызметі нашар демалыс орындары аса ұнай қоймаған сияқты.
Биыл жұлдыздарға шетелге шығып демалу бұйырмады. Олар қарапайым халық секілді Қазақстанның құмын басып, күніне қыздырынып, суына шомылды. Иә, еріксіз еліміздің туризмін дамытты.
Биыл біраз шоу-бизнес өкілдері Париж, Дубай, Лондонның Қазақстанға жетпейтінін түсінгендей болды. Айталық, әлемді әбігерге салған індеттің кесірінен олар отандық туризмді дамыта бастады. Танымал продюсер Баян Мақсатқызы отбасымен демалу үшін Алакөлді таңдапты. Биылдыққа екінші рет келуі екен. Әнші-актриса жағалаудағы демалыс ұнап жатқанын айтады. Десе де біраз олқылықтар да барын жасырмады.
Баян Алагөзова, продюсер:
"Біз биыл Алакөлде демалып жатырмыз. Еуропа, өзге мемлекеттермен шекара жабық болғандықтан Алакөлге келуге тура келді. Бірақ, еш өкінген жоқпыз. Өйткені 15 жылдан бері келмеппін. Біз мұнда бір ертегі әлеміне тап болғандаймыз. Керемет жағажайда демалудамыз. Көңілімізден шықты. Баға жағына келсек, арзан емес. Қызмет көрсету сапасын нашар деп айта алмаймын. Әрине, Еуропа және Түркиямен салыстыруға келмейді. Маған Түркия мен Араб Әмірліктеріндегі қызмет көрсету сапасы өте ұнайды".
Маркетинг бойынша менеджер маман Баян Мақсатқызымен келіседі. Өйткені, ең бастысы қызмет көрсету сапасы жоғары болуы керек деген пікірде. Сол кезде туризм өзінен өзі қарыштап дами береді дейді.
Анна Гечим, қонақ үйдің маркетинг жөніндегі менеджері:
"Біз 31 шілдеде ашылдық. Ол кезең туристердің көптеп келіп жатқан уақытына тап болды. Тамызда келушілердің саны өте көп. Бағалар адам санына, категорияларға байланысты болады. Бұл жыл біздің ішкі туризіміздің бар екенін, оның қарқындап дамып келе жатқанын көрсетті десек болады".
Туристік фирманың директоры еліміздегі туризмның қымбаттығын бәсекенің жоқтығымен байланыстырды. Десе де, халық қымбатшылық қанша қапаланса да, өз елімізде демалуға мәжбүр болыпты. Бірақ, қыркүйектен бастап ашылатын шетелдік рейстер біраз жүртқа қуаныш сыйлаған. Өйткені, көпшілігі жапа-тармағай билеттерді алып тастаған. Тіпті, кейбір мемлекеттерге турлар таусылып кеткенге ұқсайды. Шетелде демалуды сарыла күтіп жүргендердің қатарында танымал тұлғалар да бар екен
Жайдарман Бұланбаева, туристік фирманың директоры:
"Танымал, әншілер, әртістер әрине араларында бар турларды. Бірақ өкінішке орай аттарын айта алмаймыз. Былтырлары бізде Турция ашық болды барлық мемлекет ашық болды. Ол кезде әрбір адамда таңдау болды. Ал қазір таңдау жоқ. Барлық ел жабық Эмиратыды ашқаны болмаса Сондықтан бізде Ақтауды жақсы алды. Бірақ тек Риксос ақтауды айта алмаймыз. Жалпы Ақтаудағы барлық отельдерге сұраныс болды. Балқашта да, Бурабайды да көп сұрады".
Шекара ашыла салысымен демалуға кеткісі еедетін жұлдыздардың есімі құпия болғанымен, елімізде жүргендері демалыстарын тым құпия сақтамады. Атап айтсақ жүрегім ақ, ақ деп талмай ән шырқап жүрген Айқын "жаңа" жарымен Қапшағайда демалыпты. Былтыр отбасымен Мальдив аралдарында тыныққан ол, биылдыққа амалдың жоқтығынан ба екен, әлде отандық туризімді дамытуға атсалысқысы келді ме әйтеуір елімізде демалуды құп көрген сыңайлы.
Отандық туризмді дамытуға Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира ханым бел шешіп кіріскендей. Алакөлдің тұмса табиғатына қызығып видеосымен бөліскен продюсер, Қапшағайдан да видеолар жүктеді.
Сонымен қатар, Маржан Арапбаева, Музарттық Кенжебек Қапшағайға ат басын бұрса, танымал блогерлер Мейржан мен Дана Ақтауды таңдаған. Ал, Бүркіт пен Аиша Балқашта тынығуды құп көріпті. Демалыстарын шет елде өткізуді жөн санайтын өнер жұлдыздары үшін бұл жыл алты құрлық асып демалуға мүмкіндік бермегені рас. Есесіне, ішкі туризмнің еңсесін тіктеуіне амалсыздан болса да атсалысты. Ал келешекте қайтер екен? Мұны мәртебелі төреші уақыттың еншісіне қалдырайық.