ІІ-дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қазақстанды зерттеген ғалым жаңа цифрларды алға тартты
Қазақстанның фашизммен күресте қосқан үлесі әлемдік тарихшылар тарапынан әлі де толық зерттеуді қажет етеді. Ұлыбританияның Ұлттық әскер мұражайы және Қазақстанның Лондондағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырған сарапшылар пікірталасына қатысушылар осындай ой білдірді, деп хабарлайды "Хабар-24".
Спикерлердің бірі американдық зерттеуші, доктор Роберто Кармак. Ол "Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қазақстан: совет империясындағы жұмылдыру және этностар" кітабының авторы. Тәуелсіз тарихшы Қазақстан халқы үшін соғыс аштық, сталиндік қуғын-сүргін, мәжбүрлеп ұжымдастырудан кейін бірден келіп, 2 миллионға дейін қазақтың өмірін қиды, - деді. Батыс ғалымы білдірген тәуелсіз пікір онлайн-басқосуға қатысушылардың шынайы қызығушылығын туғызды. Олар бұл тақырып әлемдік тарихшылар тарапынан терең зерттеуді қажет етеді деген қорытындыға келді.
Джастин Мачевски, Ұлыбритания ұлттық әскер мұражайының директоры:
- Көпшілігі бұл туралы біле бермейді, бірақ Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гитлерге қарсы коалиция құрған одақтас мемлекеттердің бірі Ұлыбританиядан да көп адам шығын болған. Өнеркәсіп, тыл, ауыл шаруашылығы және алғы шепке солдат жіберу бойынша Қазақстан алда болды. Осы жұмылдыруды және оның қазақ қоғамына әсерінің тереңдігін Британия империясының Үндістанда ұйымдастырған әрекетімен салыстыратын болсақ Қазақстан асып түседі.
Шараға Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Германия, Франция, Жапония және басқа да мемлекеттерден 300-ден астам адам қатысты. Спикерлердің сөзінен кейін ақпараттық сессия өтіп, қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерен еңбегі және ата-бабамыздың ұлы жеңіске қосқан үлесіне бүгінгі ұрпақтың беріп отырған бағасы туралы әңгімеледі.