Жаңалықтар тізбегі
0

"Мен Қожаның қарасы" дейтін Әбдіжаппар Әлқожа беташарды мазақ етті

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.10.2020 22:38 видеодан кадр
Қазіргі беташарда бір қалталы кәсіпкер болса, соны айналдырып бірнеше рет ақша салғызу үшін шақырады.

Біз беташар сынды бағзы заманнан келе жатқан дәстүрлерімізді сақтап, қолдап жүрміз бе әлде аяқ асты қылып қорлап жүрміз бе? Кейінгі уақытта шоу жасаймыз деп түрлі жоралғының құны арзандап кеткен сыңайлы. Әлеуметтік желіде әлсін-әлсін жас келіннің бетін ашу арзан күлкіге айналғаны жайлы видео тарап жатыр.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қазақтың тойында жарасымды әзіл мен салт-дәстүрге қашан да қатар орын бар. Бірақ, кейінгі уақытта келіннің бетін ашу дәстүрі осындай арзан әзілге бет бұрғандай. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі өзгелер бізді мазақ қылса атой саламыз, бірақ алдымен өз ішімізді түзеуіміз керек деп күйінеді.

Асхат Садырбай, журналист, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

Оны осындай шоуға айналдырудың қажеті жоқ. Мүлде болмайды. Рұқсат емес. Басқа не істесе оны істесін. Бірақ ұлттық салт-дәстүрге тимесін. Оны салт-дәстүрді бұзуға, жалпы бұрыннан қалыптасқан қағидаларын олай келеке етуге, мазаққа айналдыруға ешкімнің қақысы жоқ.


Өзгесін былай қойғанда "Мен қожаның қарасы, мен қазақтың баласы" деп, ел алдында жүрген Әбдіжаппар Әлқожаның келіннің сәлеміне деген сый-құрметі осындай болыпты. Жалған сөйледі десеңіздер, видео куә.

Дәулеткерей Кәпұлы шоу-шоу деп жүріп бағзы дәстүрдің құнын көк тиын қылып алмау керек екенін айтады. Әр нәрсенің өз орны мен жөні бар екенін еске салады ақын.

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, әдебиеттанушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Мұндай шынайылық жоқ. Сосын екінші бір байқағаным қазіргі беташарда менің кейбір ақын бауырларымның өзі кейбір әріптестер беташарға келген бір қалталы кәсіпкер болса соны айналдырып бірнеше рет ақша салғызу үшін сайқымазақтыққа айналып келе жатыр. Бүгінгі шоумендер, той шоуға айналып бара жатыр ғой. Асабалар шоу жасаймыз деп, шекарадан асып түсіп жатады. Осы жерде адамның көңіліне келетін нәрселер бар.

Беташардың жаңа стиліне қатысты пікір біржақты болмасын деп елорда тұрғындарын да әңгімеге тарттық. Алдымыздан жолыққанның дені бірдей пікір білдірді.

"Беташар ол қазақтың салт-дәстүрі. Қазіргі кезде шоу ретінде істеледі. Бірақ, ол дұрыс емес әрине".

"Ата салты беташар деген. Сол беташарды мазаққа айналдыруға болмайды әрине. Қайта ұлағатты, жастарға үлгі болатындай сөздер айтылуы керек".

"Жоқ дұрыс емес деп есептеймін. Қазақи ұлттық нақышта өтуі керек қой негізі".

Қазақ қандай той ұйымдастырса да ырым-жоралғы, салт-дәстүрден айнымайтындай етіп өткізіп беремін деп жүрген асабалардың бірі Серік Жұмабек. Ақын той тек ішіп-жеу емес, тұтас мәдениет, одан қалды тәрбиенің тал бесігі еді ғой дейді.

Серік Жұмабек, ақын, асаба:

Сол дәстүр біз білетіндей көрермен көріп жүргендей сәл дарақылыққа басымдық беріп жатқандай. Бабадан балаға, бағзыдан бүгінге жеткен дәстүр өз қалпында, өз биігінде қалуы керек. Десе де той басқарып, тізгін ұстап жүрген бірер азаматтар бұл дүниені шоу жасаймыз деп қазақы дәстүр, танымнан алыстатып жатқаны жасырын емес. Бұл жағы көңілге қорқыныш ұялатады. Енді-енді таным-түйсігі қалыптасып келе жатқан жас ұрпақ мұны көргенде беташардың бала үшін салмағы да маңызды болмауы мүмкін.

"Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояпты" дегеннің керісі. Әрбірден кейін жастардың салттан сүрінбей, жоралғы жасағанда жығылмасы үшін қариялар жөн сілтеуі керек. Мұндай шараларды көргенге әулеттің үлкендері неге "тәйт" деп тәртіпке келтірмеді екен деген ой туады. Өзгелер дәстүріміз бен ділімізді сыйласын десек, алдымен өзіміз құрметпен қарау керекпіз.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: