Қазақстандық Х-фактор қатысушысын ресейліктер киноға түсуге шақырды
Байқау қыза түсті! X-Factor Қазақстан жобасына кастинг жалғасуда.
Сенбі сайын "Еуразия" бірінші арнасы вокалдық шоудың кезекті эпизодын көрсетіп отырады. Жеңімпаз атанудан үмітті қатысушылар бақтарын сынап, қатаң қазылардың алдына шығып, өз өнерлерін көрсетуде. Өткен аптада ғана отандық БАҚ-та музыкалық шоудың VIII маусымының қатысушысы Виталий Синолицинге Ресейден қоңырау шалып, киноға түсуге ұсыныс білдіргені жөнінде жаңалық тарап кетті.
Қостанай облысының тумасы кастингтен өткен жоқ, тіпті қазылар алқасының үшеуі де "жоқ" деді. Алайда батыл азамат көрші елдің продюсерлерінің көзіне түсті.
"Бонита" деген сахналық есіммен қазылар алдына шыққан келесі бір қатысушы Бота Шуренова француз тілінде ән шырқады. Алайда ару қазылар алқасындағы жігіттерді әнін былай қойғанда, киіп шыққан костюмімен тәнті етті. Қысқа белдемше мен ботфорт етік киген қыз Нағима Есқалиевадан сөз естіп тынды. Айтпақшы, әріптестері Бонитаға "иә" десе, Нағима "жоқ" деп қысқа қайырды.
Биыл қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиевадан бөлек, продюсер әрі музыкалық сарапшы Нұрберген Махамбетов пен танымал әнші әрі актер Анатолий Цой бар. Айтпақшы, Анатолий X-Factor Қазақстанның бірінші маусымының финалисті екенін айта кету керек.
Көп ұзамай, 5 желтоқсан 20:00-де "Еуразия" бірінші арнасында іріктеудің соңғы кезеңі өтеді. Жаңа жылды қарсы алғаннан кейін 9 қаңтар күні тікелей эфирде көрермендер ұнаған орындаушыларына өз дауыстарын бере алады. Ал 2021 жылдың 20 ақпанында байқаудың ақтық сыны өтіп, жеңімпаздың есімі аталады!!
Алайда оның бәрі келе жатқан Жаңа жылда болмақ. Ал әзірге ән айтуды жан-дүниесімен сүйетін, үлкен сахнаны армандайтын жандардың өнеріне әрбір сенбі 20:00-де "Еуразия" бірінші арнасының эфирінде куә болыңыздар!