Аламан айтыс – телеарна төрінде
Қазақы сөздің қаймағын қалқып ішкен қауымға қуанышты жаңалық! "Еуразия" бірінші арнасы арқалы ақындарды эфирге шығарады, деп хабарлайды zakon.kz.
Көмейі көмбе, кеудесі қазына, тілі орақ таланттар "Аламан айтыс" теледуманында тартысады.
Сүбелі сөз бәйгесіне барлық өңірден өнерпаз түседі. Әр жеңімпаз жұпты тәуелсіз төрешілер анықтайды. Олар да жыр ауылының бір-бір жүйрігі. Елімізге еңбек сіңірген қайраткер Асылы Осман, профессор Анарбай Бұлдыбай және айтыс бұлбұлы Сара Тоқтамыс. Ақындарға тақырыпты қазылар таңдап береді. Жоба жетекшісі және жүргізушісі Ертай Нүсіпжанов.
"Аламан айтыс" халыққа бұрыннан таныс. Бұл жолғысының артықшылығы неде?
Суырып салма өнердегі азулы айтыскерлер мен бәйгеге енді қосылған жас ақындардың сөз сайысы. Үлкендер үлгі көрсетеді. Жастар бой түзейді. Осылайша киелі өнерді өміршең ету мақсатымыз бар. Әрине, ақындардың үлкен мектебі қалыптасады. Ең бастысы қазақтың төл туындысы жаңаша үлгіде кеңінен насихатталады.
Аламаннан кімдерді көре аламыз? Іріктеу қалай жүріп жатыр?
"Айтысқа аға буыннан Абаш Кәкенов сынды өнер саңлақтары мен елге айтыс арқылы танылған Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов, Әлібек Серғалиев сынды сайыпқырандар қатысады. Олар тәрбие, ұлттық құндылықтарды ту етіп, жақсы айтыстың үлгісін көрсетеді деп күтеміз".
Шаршы алаңда сөз бастау қиын. Салмақты сайыста шашасына шаң жұқтырмай шыққан жүйріктерге жүлде қандай?
"Ақын - халықтың тілі. Олар сахнаға шығар алдында еліміздің әлеуметтік, экономикалық мәселелерін жан-жақты зертттеп, зерделеп, ұзақ дайындық жүргізеді. Әрі жұртшылықтың идеологиялық ойын қалыптастыруда үлкен жауапкершілік арқалайды. Мұның бәрі ескеріледі. Сондықтан жобаға қатысқан әр ақынға, яғни, жеңгеніне де, жеңілгеніне де қаржылай сыйақы тағайындадық".
Жыр додасында жаңа есімдер танылып жатыр. Қаршадай болса да шұрайлы ұйқастар мен орамды ойды қарша боратқан Айым Асылбекқызы көзге түсті. Балауса қыз 11-ші сыныпта оқиды. Ол Шымкенттің шайыры Қажымұқан Абзаловпен жұптасып көрерменнің айызын қандырды. Қағытпа тәсілдермен қарсыластарын шаң қаптырып, келесі айналымға өтті. Дүбірлі доданы "Еуразия" бірінші арнасы 8-мамырда сағат 21:50-де көрсетеді.