Кейбір дәрі-дәрмектер сөреден уақытша жоғалып кетуі мүмкін. Екпеге қатысты тағы бір дүрбелең
Желіде жақын арада дәріханалардың сөрелері бос болатыны туралы аудио хабарлама тарауда. Дене қызуын төмендететін және вирусқа қарсы өзге де дәрі-дәрмектерді тасымалдауды тоқтатады. Кейбіреулерінің пайымдауынша, осылайша қазақстандықтарды COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға мәжбүрлейді, деп хабарлайды zakon.kz.
"Хабар 24" телеарнасының тікелей эфирінде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлыбек Асылбеков бұл қауесеттерді жоққа шығарды, деп хабарлайды stopfake.kz.
– Дәріханаларда дәрілер болмайды деген мәселе туындап тұрған жоқ. Дистрибьютордың қоймаларында қорлар құрылды. Бұл бірінші қатардағы қорлар, 60 000-нан астам халыққа 44 түрлі ковидке қарсы дәрілік заттардың қорлары бар. Оның ішінде бес дәрі тегін беріледі. Бұл дене қызуын төмендететін дәрілер мен антикоагулянттар, оны дәрігердің рецептісімен миллионға жуық адам тегін ала алады, – деді ол.
Сонымен қатар, Қазақстанда вакцинациялауға ешкімді мәжбүрлемейді.
2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске сәйкес, ҚР кез келген азаматы "емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға" құқылы. Бұдан басқа, 16 жастағы және одан асқан балалар профилактикалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуден хабардар түрде бас тартуға құқылы.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациядан бас тарту әкімшілік немесе өзге де жауапкершілікке әкеп соқпайтынын түсіндірді. Сондай-ақ жұмыстан шеттету немесе шығару қарастырылмаған.