Ақтаулық әнші: Мәдина Сәдуақасовамен бірге ән шырқасам деймін
Ақтаулық Гүлжанар Рафкатқызы бір өзі бірнеше мамандықты игерген таланттылар қатарында. Ол көпшіліктің тісі бата бермейтін режиссерлік қызметте жақсы жетістігімен танылып жүр. Одан бөлек, Гүлжанар әнші әрі композитор ретінде де көзге түсе бастаған. Үш баланың анасы ірі жобаларды ұйымдастыру арқылы шеберлік шыңдала түсетінін айтады.
"Мен 1991 жылы Ақтау қаласында дүниеге келдім. Тәуелсіздіктің құрдасымын. Жаным сүйетін істі тапқанға дейін ағылшын тілін оқыдым. Кейін аударма ісін оқып алып, сонымен айналыстым. Ал қазіргі таңда режиссерлік қызмет атқарамын. Оған қоса сазгерлігім бар. Менің әндерімді "Балапан" арнасы саундтрек ретінде пайдаланып жүр. Әншілік жолға да қадам бастым. Болашақта үлкен сахнадан да көрініп қалармын. Жолдасым екеуміз бір ұл, екі қыз бала тәрбиелеп отырмыз. Өнердегі қадамымды отағасы қолдап, мені бүгінге дейін демеп келеді. Алдағы уақытта Мәдина Сәдуақасовамен бірге ән шырқасам деген тілегім бар", — дейді ол.
Гүлжанар Ақтау қаласындағы ірі жобаларда режиссерлік міндетті ойдағыдай атқарып жүр. Ол іс-шараны мінсіз атқару үшін режиссердің таланты, ұйымдастыру қабілеті мен идеясы ұштасып жату керек деген пікірде.
"Әр жыл сайын үш жобадан өткіземін. "Жаңа есім" жобасы менің ең алғашқы еңбегімнің бірі. Мұнда ақындар мен ақындар, әншілер мен әншілер, композиторлар өзара жарысады. Ең соңында жеңіске жеткен әнші жеңіске жеткен сазгердің әнін орындайды. Бұл жоба үш-төрт ай бойы жүреді. Сондықтан, бұл үлкен күшті қажет етеді және шексіз тәжірибе екені де анық. Менің арманым – осы жобаны республикалық деңгейге алып шығу. Режиссерлік қабілетімді одан әрі дамыту үшін түрлі курстарға қатысамын. Шетелде білім алған тәлімгерлерден сабақ алдым. Бұл ізденісімді тоқтатпаймын. Себебі, режиссерлік үлкен ізденісті, қабілетті талап ететін іс.
Мәселен, бір жоба ұйымдастырар кезде режиссер сценаристің де, администратордың да жұмысына араласады. Бағыт көрсетеді. Тіпті, кейде, костюмдерді де қадағалауға тура келеді. Бұл бірнеше сала біріктірілген жұмыс, сонысымен қызық. Ең соңында өз еңбегіңді сахнадан көргенде, қателігі де, артықшылығы да көзге ұрып тұрады. Режиссер ретінде бәрін байқайсың. Алдағы уақытта мен үлкен жобаларды қолға алатыныма сенімдімін", — дейді Гүлжанар.
Гүлжанар Рафкатқызы режиссерлік қызметі үшін түрлі байқаулардан жүлде алып, республикалық және облыс көлеміндегі құрмет грамтоларымен марапатталған.
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының "Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру" мемлекеттік гранты аясында "Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен "Жетістіктің тарихы" іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.