Алматыда Роза Бағланованың ескерткіші ашылды
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Алматы әкімі Ерболат Досаев, Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино актері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымов, филолог-ақын Ақұштап Бақтыгереева, сонымен қатар Роза Бағланованың туыстары және ұлы мен келіні қатысты.
1949-1960 жылдар аралығында Роза Бағланова өнер көрсеткен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдына биіктігі 4,8 метр қоладан жасалған ескерткіш орнатылды. Қола және гранит ескерткішінің авторлары, мүсіншілер – Д.Ағзамов, Ө.Ақжолтай, А.Жамхан, Ә.Қабыл.Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімі Роза Бағланованың қазақ халық музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармашылығын дамыту мен насихаттауға қосқан баға жетпес үлесі туралы айтты.
Біртуар әншіміз Роза Бағлановаға ескерткіш орнату – оның рухына құрмет пен сый. Ол музыка өнерінің жарық жұлдызы болды. Бүгін біз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында оның сүйікті қаласы – Алматыда оның есімін мәңгілікке қалдыра алғанымызға шексіз қуаныштымын.Ерболат Досаев
15 сәуірде Алматыда Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Республика сарайында да «Ақмаңдайлым» мерекелік концерті өтті. Аты аңызға айналған әншінің репертуарындағы әндерді қазақтың белгілі өнерпаздары орындады.