Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағат Жылгелдиев дүниеден озды
Театрымыздың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері жаны, жайсаң Сағат Жылгелдиев ағамыз дүниеден өтті… Театр ұжымы, әріптестері марқұмның жұбайы Жібек Лебаева мен отбасы, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Бақұл болыңыз аға! Сіздің жарқын бейнеңізді әріптестеріңіз, ұжым, өзіңіздің сүйікті көрермендеріңіз мәңгі жадында сақтайды, делінген Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Instagram-дағы парақшасында жарияланған қаралы хабарда.
17 мамырда сағат 09:00-де Мұратбаев көшесі, 48 үй мекен-жайында марқұмның жаназасы шығарылады. Ал сағат 10:00-де Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында қоштасу рәсімі өтеді.
Сағат Ермағамбетұлы Жылгелдиев 1954 жылы 12 желтоқсанда Қызылорда облысында дүниеге келген.
Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған.
Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.
1977 жылдан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ балалар және жасөспірімдер театрының актеры. Сахнада Ақын («Ауылдан келген ару» И.Сапарбаев), Байжан («Алтын ажалы» И.Ғайып), Абдолла («Ең әдемі келіншек» С.Балғабаев), Қожа Ахмет Иасауи («Әзірет Сұлтан» О.Дастанов), Шеге, Байдалы би, Сердәлі («Қыз Жібек», «Ұлпан», «Ақан сері - Ақтоқты» Ғ.Мүсірепов) рөлдерін сомдаған. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.