Олжас Сүлейменовке Құрметті легион ордені табысталды
Марапаттау рәсімі Алматыдағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығында өтті.
Орденді Төтенше және Өкілетті елші Дидье Канесс табыс етті. Ол Франция президенті Эммануэль Макрон марапаттау туралы Жарлыққа 2022 жылдың 7 наурызында қол қойғанын еске салды.
Сіздің еткен еңбегіңізді бір-екі ауыз сөзбен атап өтуге рұқсат етіңіз. Құрметті Олжас аға, сөзсіз Сіз бүгінгі Қазақстанның мәдениет әлеміндегі көрнекті тұлғасыз. Атақты ақын әрі жазушы бола отырып, сондай-ақ бейбітшілікті сақтаудың және гуманистік құндылықтарды насихаттаудың, қоршаған ортаны қорғаудың адал жақтаушысы ретінде де танымалсыз. Қазақстан Республикасындағы Франция Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Дидье Канесс
Сонымен қатар елші ақынның көптеген шығармалары Францияда үнемі жарияланып отырғанын еске салды.
Олжас Сүлейменов француз тарапына ризашылығын білдіре отырып, 1993 жылы Құрметті легион орденін тапсыру үшін Францияның экс-президенті Франсуа Миттеранның Алматыға жарты сағат аялдағанын атап өтті. Бірақ ол орденнің дәрежесі бүгінгіден басқаша болатын.
Менің достарым ешқашан өңіріме ордендер тағып жүрмейтінімді өте жақсы біледі, ондайдан менде оншақтысы бар, бірақ, әрине Құрметті Легион ордені сияқты ұлық емес. Олжас Сүлейменов
Сурет: Мәдина Әлімханова
Құрметті Легион ордені - француздардың ұлттық ордені, оны Наполеон Бонапарт 1802 жылы 19 мамырда рыцарлық ордендердің үлгісі бойынша бекіткен. Орденнің иесі атану - Франциядағы ерекше еңбектерінің ескерілуі, ең жоғарғы белгі, құрмет және ресми мойындалу. Орден мүшелерін қабылдауды Орденнің ұлы магистрі болып табылатын Франция Республикасының Президенті жүзеге асырады.