Желі қолданушылары Димаштың қарындасы және інісімен түскен видеосына сүйсініп жатыр
Жақында Димаш, Раушан, Мансұр Құдайбергеновтер бірлесіп ән орындайтынын хабарлаған едік. Ағайындылар жаңа әнге бейнебаян түсіріп жатқан еді. Бұл жолы Димаш түсіру сәтінен видео жариялап, қарындасы Раушанның бейнебаяндағы түсетін сәттері аяқталғанын хабарлады.
Видеода Димаш Құдайберген қарындасы Раушаннан көңіл-күйін сұрады. Раушан оған бірінші түсірілім күні қатты ұнағанын және ол үшін жақсы тәжірибе болғанын айтады. Оның айтуынша, жалпы түсірілім атмосферасы көңілді.
Содан кейін Димаш інісі Әбілмансұрдан "Сізге ше, ұнады ма?" деп сұрайды. Інісінен камераға қарап, бір ауыз сөз айтуын өтінеді. Әбілмансұр болса бірден жауап беруге асықпай, ойланып, бастап жатады. Мұны байқаған Димаш пен Раушан жауап күтпей, түсірілім алаңынан кетуге асығады. Бұл - олардың бауырының асықпай сөйлейтініне әзілдегені.
Үш ағайындының бірлесе орындайтын әні "Togezher" деп аталады. Әннің авторы - Әбілмансұр Құдайберген. Қалың тыңдарман әнді түрлі платформалардан жақын арада тыңдай алады. Бұл жаңалықты бауырлар бірлесе видео түсіру арқылы жариялады.