Димаш қазақ тілін құрметтейтін жанкүйерлеріне алғысын білдірді
Видео жариялау арқылы Димаш әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазақ тілін құрметтейтін жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Қазақ тіліне құрмет көрсетіп жүрген барлық әлемдегі жанкүйерлеріме ерекше алғыс айтамын, - деп жазды әнші.
Видеода концерт кезінде Димаштың вьетнамдық жанкүйерінің қазақша сөйлеген сәті түсірілген.
Сәлеметсіздер ме! Біз Вьетнамнанбыз! – деп айту арқылы жанкүйер Димашты ғана емес, барша көрерменді таңғалдырған еді..
Бойжеткеннің айтуынша, ол қазақ тілін Димаш Құдайбергеннің арқасында үйренген. Ол Вьетнамда қазақ тілі мұғалімдерінің жоқтығын, сол себепті тілді онлайн оқуға мәжбүр екенін айтты. Сонымен қатар ол Вьетнамдағы әншінің өзге де жанкүйерлерін қазақ тілін үйренуге тартатынын айтты. Жанкүйер мұның бәрін қазақша айтты.
Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы алғашқы жеке концерті 23 қыркүйекте өтті. Кешке Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шет мемлекеттерден де келген Димаштың жанкүйерлері онымен бірге ән шырқап, әр әнін ду қол шапалақтап сүйемелдеді.
Концерттен кейін Димаш Қазақстанға алғысын білдіріп, Дубайға Fashion factor сән байқауына ұшқанын, ол жерде қазылар алқасының мүшесі болатынын айтқан еді.