Корея әншісі Шәмшінің әндерін ана тілінде шырқап, көптің қошеметіне бөленіп жүр
"Сон Вон Соб - корей жігіті. Сеулде тұрады. Қазақпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бірақ Қазақстанда болып, біраз жерді аралаған. Көрген. Соның арқасында қазақтың жанын да түсінуге тырысты. Ал Шәмшінің әнін корейше шырқағанда қазақ тұрмақ шет жұрттықтар да тамсанып, таңдай қағады. Өнердің құдіреті шексіз", деп хабарлайды "Хабар 24".
"Сыған серенадасы әннің сөздерін корей тіліне аудару қиын болды, оның мағынасы күрделі. Ән мені өмір туралы ойлануға мәжбүр етті. Мен сөздерді заманауи түрде өзгерттім. Олардың мағынасын оңтүстік кореялықтар жақсы түсінеді. Биылғы мақсатым – қазақ тілінде ән айту. Өкінішке орай, тілдік кедергі бар". Сон Вон Соб, корей әншісі
Сеулдың шетіндегі Сон Вон Собтың ән студиясы бар. Мұнда ол шетел әндерін корей тіліне аударып, орындап, бейнебаян түсіреді. Өзі 36 жаста. Оның 20 жылын музыкаға арнаған. Өнер университетінде тромбон бойынша оқыды. Содан кейін ансамбльде ойнады, K-Pop тобында рэп айтты және блогер атанды. 2015 жылдан бастап Сон өзінің жеке мансабын бастады. 3 жылдай бұрын өзге елдердің әндерін корей тіліне аудара бастады. Тырнақалдысы - қазақстандық Батырхан Шүкеновтің композициясы еді. Қазір әншінің репертуарында 15-тен астам қазақ шығармасы бар.
"Негізгі табысым жарнамаға модель ретінде түсу. Кореяда мен музыка жазамын, бейнебаяндар шығарамын. Әзірге каверлерден табыс таппаймын, бірақ кім білсін, Қазақстанға жұмыс істеуге баратын шығармын. Кавер емес, қазақ тілінде жаңа ән жазғым келеді. Алматыда, Астанада, Шымкентте, Петропавлда, Ақтауда болдым. Өзімді әртүрлі елдерде жүргендей сезіндім, әр қаланың өз айырмашылығы бар". Сон Вон Соб, корей әншісі
Сон әзірге сүрбойдақ. Музыканы жаны сүйгенімен өз дауысына көңілі толмайды. Ал музыка әкесінен дарыған болуы керек. Себебі әкесі әнші. Ал продюсері - өзінің сыныптасы.
"Мектептегі Вон Собтың лақап аты Том Круз болды. Өйткені ол қыздардың арасында танымал болды. Мен Қазақстанда Вон Собтың жанкүйерлерінің көп екеніне таң қалдым, мұндай жылы қарсы алуды күтпеген едім. Алғашқы сапарда суық болды, біз қыста бардық. Маған тамақ ұнады. Адамдары ашық, мейірімді". Продюсер Сеон Сы Чхан
Каверлер айту Вон Собқа табыс әкелген жоқ. Бірақ сонда да бұл істі тастап кеткісі жоқ. Алдағы екі айда Сон Вон Соб Қазақстанға 2 сапар жоспарлап отыр. Әнші концерт беріп, әрі халықаралық музыка фестиваліне қатысуға асық.