Түркия астанасында атақты қазақ күйшісіне ескерткіш орнатылды
Анкарадағы Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы саябақ 2016 жылы күйшінің 200 жылдығына ашылған. Араға 7 жыл салып мәдени нысанның қақ ортасында күй өнерінің классигіне арналған ескерткіш бой көтерді. Туынды авторы - Мұрат Мансұров. 2,5 тонна қола ескерткіш Қарағанды облысы әкімдігінің Анкараға тартуы болды, деп хабарлайды "Хабар 24".
"Бабаларымыз ұлықтау, тарихымызды сақтау тек достықтың белгісі деп білемін. Тек осындай іс- шараларымыз көп болсын. Біздің Тәттімбет Қазанғапұлы бабамыз, түрік елінің төрінде орын алғаны үлкен қуаныш, бақыт сыйлайды". Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов
"Бұл жерде Дина Нүрпейісова мен Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген қос саябақ бар. Мұндай нысандар халықпен халықты бірлестіріп, бірін- бірі жақсы тануда үлкен рөл атқарады. Сондықтан осындай жерлеріміздің саны арта берсін".Этимесгут муниципалитеті мэрі Энвер Демирел
Түркия Республикасының 100 жылдығына орайластырылған шараға Тәттімбет Қазанғапұлының ұрпағы арнайы келіпті. Оның айтуынша, Анадолыда бабасына ескерткіштің бой көтеруі күллі қазақ үшін зор мәртебе.
"Түркия астанасында Тәттімбет бабамызға ескерткіш ашылуының куәсі болды. Ескерткіштің ашылуы тек Тәттімбет ұрпақтары, қарағанды облысы емес, жалпы қазақ еліне деген үлкен құрмет". Тәттімбет Қазанғапұлының ұрпағы Сләмиден Нұркенов
Тәттімбет Қазанғапұлының есімі ұлықталған жерде әрқашан да Тәттімбет халық аспаптары оркестрі жүреді. Бұл жолы да, өнерпаздар Анталия, Анкара мен Аланияға барып, жергілікті тұрғындарды қазақтың ән мен күйіне бөлемек.