Жаңалықтар тізбегі
0

Президент Бикен Римованың 100 жылдығына арналған театр фестиваліне қатысушыларды құттықтады

Құттықтау хат, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Бикен Римова, театр фестивалі, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.09.2023 19:22 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римованың туғанына 100 жыл толуына арналған "BIKEN" I халықаралық театр фестиваліне қатысушыларға құттықтау хат жолдады.

ҚР Президентінің құттықтау хатын Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев оқып берді.

"Құрметті қауым! Сіздерді Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римованың туғанына 100 жыл толуына арналған "BIKEN" I халықаралық театр фестивалінің ашылуымен құттықтаймын! Бикен Римова – төл мәдениетімізді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. Ол театр және кино саласында аяулы жардың, асыл ананың, ардақты әженің бейнесін шебер сомдап, ұзақ жыл бойы көрерменнің көзайымы болды. Сахна саңлақтарының ғибратты ғұмыры туралы естелік кітаптар жазды. Өмірде де, өнерде де өзгелерге үлгі бола білді", делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында. 

Сондай-ақ Президент халқымыздың парасатты перзентінің еңбегін ұмытпай, жан-жақты насихаттау – ортақ парыз. Осы орайда тағылымдық әрі танымдық мәні бар халықаралық фестиваль өткізудің маңызы зор екенін ерекше атап өтеді. 

"Бүгінгі іс-шараға қатысып отырған Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан мемлекеттерінің өнерпаздарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай жобалар бауырлас елдердің мәдени-рухани байланысын нығайта түсері сөзсіз. Төл өнерімізді дамытуға арналған игі шаралар болашақта да жалғаса береді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!", делінген хатта.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да фестивальдің барлық қатысушыларын құттықтап, осы мерекенің маңыздылығын атап өтті.

"Бикен Римованың құрметіне арнап фестиваль өткізу - бұл оның талантына тағзым ету ғана емес, сонымен қатар театр өнерінің дамуына үлес қосқан барлық ұлы адамдардың шығармашылығын насихаттау. Аңызға айналған актрисаны еске алуға басқа елдерден келген достарымызға алғыс айтамын...", - деді министр.

Талдықорған қаласында Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римованың туғанына 100 жыл толуына орай "BIKEN" І халықаралық театр фестивалі өтіп жатыр. Іс-шара аясында еліміздің және шетелдің театр ұжымдары қойылымдар қояды, сондай-ақ республикалық ғылыми-танымдық конференция өтеді. Мәселен, бүгін Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдығына орай Талдықорғандағы сахна саңлағының атындағы драма театрда ескерткіш бюстінің салтанатты ашылуы өтті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: