"Қазақ әдебиеті" газетінің шыға бастағанына 90 жыл толды
⠀"Қазақ әдебиеті" газетінің алғашқы саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрген. Газеттің алғашқы санында "Қазақ әдебиеті" - ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын" деген сөз беташар ретінде үлкен әріптермен терілді. Алғашқы санынан-ақ газеттің мақсаты осылай айқындалды. Алғашқы бас редактор - Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшы - Мұхамеджан Қаратаев болды.
Газет алғашқы жылдары белгілі бір жүйемен жарық көрмесе де өз оқырманын рухани дүниемен сусындатты. Оған дәлел – газеттің таралымы 1934 жылы 1-3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3500-ге жетуі. Десе де, 1940-1954 жылдары газеттің шығуы белгісіз себептермен тоқтап қалды. 15 жылдық үзілістен кейін 1955 жылдың қаңтар айында қайта шыға бастады. Қайта жарық көрген басылымның бас редакторы Сырбай Мәуленов болды. Осы жылдан бастап газет бір жүйеге түсіп, өзіндік жолын қалыптастырды.
Қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы үшін басылым 1984 жылы, өзінің 50 жылдық мерейтойында "Халықтар достығы" орденімен марапатталған.
"Қазақ әдебиеті" - ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым. Апталық өнер сүйгіш оқырман қауымның эстетикалық талғамын тәрбиелеуде елеулі рөл атқарды. "Қазақ әдебиеті" газетінің ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілейміз! Қазақстанның өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет үшін алғысымызды білдіреміз", - делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.