Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин АҚШ-та қайтыс болды

Белгілі қазақстандық жазушы Мұхтар Мағауин АҚШ-та қайтыс болды, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.01.2025 11:00 Сурет: magauin.com
АҚШ-та 2025 жылдың 10 қаңтарында белгілі қазақстандық жазушы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қайғылы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин өзінің Facebook парақшасында жеткізді.

"Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)",- деп жазды ол.

Ол жазушының толық шығармалар жинағының 26-шы томынан үзінді де келтірген.

"Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!"

Қаралы хабарға қабырғасы қайыса отырып, еліміздің бірқатар журналистері мен қоғам белсенділері көңіл айтып жатыр.

Мәселен, АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің магистранты, Болашақ стипендиаты, журналист Жалғас Сәдібекұлы дарын иесінің бейнежазбасын жариялай отырып, Facebook парақшасында көңіл айтты.

"Үш ай бұрын ғана Мұхтар Мағауин атасы Мұхаммедімізге "Өзінің атын ақтасын, қазақ атын ақтасын, тоқсанның тоғызына дейін барлық жолы ашық болсын" деп ақ батасын берген еді. Жақында тұсауын да кестірсек деп өтініш айтпақ болып, денсаулығы мазалап жүрген соң қолқа салмаған ек. Қазақтар бас қосқан жиында 85 жылдығын осы жерде атап өту жайын талқылап едік. Мұндай алып тұлғаның тойында қолға су құйсақ та мәртебе деп отырғанбыз. Алланың тағдыры басып, оған жете алмадық. Бүкіл қазақтың жоғын түгендеп, өшкенін жаңғыртып, тарихын қалыптаған дарын иесі бүгін бақилыққа аттанды. Енді берген батасы баламызға аманат. Ұлы атасы айтқан сөзді қазық қылар. Алла алдыңыздан жарылқасын, Мұхтар аға",- деп жазды ол.

Сондай-ақ, жазушы, драматург Думан Рамазан да қайғыдан өзегі өртеніп отырғанын жеткізді.

"Ұлы қаламгер Мұхтар Мағауин ағамыз фәни жалғаннан бақи дүниеге аттаныпты. Қазақ үшін орны толмас жоғалту, ауыр қаза. Тамыры тереңге тартқан, жапырағы кеңге жайылған Алып Бәйтерек құлады. Құрмет-қошеметке бөлеудің орнына, өмірінің соңына дейін балта сілтедік… Соны ойлап, кеудемді өксік қысып, өзегім өртеніп, жаным жабырқап отыр. Рухы пейіштің төрінде шалқысын!". Думан Рамазан

Журналист Қуанышбек Қари Мұхтар Мағауиннің "Соңғы айда елге соққан қоңыраулары қоштасуы болған екен...", деп тұжырымдап отыр.

"Сенер-сенбестей оқиға… Тың, сергек сияқты еді... Соңғы айда елге соққан қоңыраулары қоштасуы болған екен... Жазушының жеке сайтында кейінгі кезде шағын жазбалары жарияланып жүрген. Соңғы жазбасына "Ақырзаманның алғашқы күні" деп тақырып қойыпты... Сексен бес жасқа толарына айға толмас уақыт қалғанда, жұманың таңында қаралы хабар жетіп отыр... Әдебиеттегі серіктері ортасында биыл жылдың басына ұсынатын дүниелері болса, әзірлей берсек деген ұсыныстар болған... Енді жазушының жеке әулетіне, туыс-туғандары мен оқырман, тілектес жұртына қайғырып көңіл айтудан басқа амал жоқ. Алды-артын бәрін екшеп, шығармаларының толық жинағын шығарғаны кеше ғана еді. Ғибратты ғұмыры — арттағының межесі. Алла алдынан жарылқап, панасына алсын! Иманы саламат болсын...",- деп жазды ол.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. Мұнымен қоса, "Жазушы" баспасының және "Жұлдыз" журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Ол "Ақшақар" (1969), "Бір атаның балалары" (1973) повестер мен әңгімелер жинағы, "Көк мұнар" романының авторы. Жазушының таңдаулы әңгімелері мен повестері орыс тіліне аударылып, "Тазының өлімі" (1978), "Жыланды жаз" (1984), "Лирикалық шегініс" (1986) деген атпен республикалық және орталық баспалардан жарық көрді. Бірқатар шығармалары шетел және ТМД халықтары тілдеріне аударылды.

Мұхтар Мағауин — Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: