Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен біртуар қаламгер - Аида Балаева

Дулат Исабеков, өмірден озды, Аида Балаева, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.02.2025 00:59 Сурет: Facebook/Akmonshak Akhmet
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақтың қайталанбас қаламгері Дулат ағамыздың қазасына орай күллі қазақ еліне қайғыра отырып, көңіл айтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды. Ағамызбен біз де көп жылдар бойы етене жақын араласып, ақыл-кеңесі мен өнегесіне қанық болдық. Адами биік қасиеттерін, даладай кең пейілін жақыннан таныдық. Соңғы кездерде апамыз өмірден өткеннен кейін көңілі түсіп, жаны жүдеп жүргендей көрінген. Отадан шыққаннан кейін Алматыда арнайы жағдайын сұрап барғанымызда мұқалмас рухына, биік болмысына тағы бір куә болып, әлі де көп жас жасарына тілек етіп едік. Амал қанша?! Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей", деп жазды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Дегенмен, министр қаламгердің өлмес туындылары уақытпен бірге жасай береріне сенімді. 

"Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өз атымнан жазушының отбасы мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын!", делінген Балаеваның жазбасында.  

Бірнеше минуттар ғана бұрын қазақ әдебиетінің тарланы, көрнекті драматург-жазушы Дулат Исабековтың өмірден өткені белгілі болды. Қаралы хабармен әлеуметтік желіде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов бөлісті.

Айта кетсек, 2022 жылы 22 қазанда көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековке  әлеуметтік-гуманитарлық дамудағы аса үздік жетістіктері үшін "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілген болатын

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: