Аида Балаева БАҚ өкілдерінің негізгі міндетін атады
Балаева өзінің Facebook парақшасында Қазақстанда жаһандық реформалар жүзеге асырылып жатқан өте қызықты уақыт келгенін түсіндірді.
"Жаһандық өзгерістерге толы жаңа дәуір ақпарат саласын да жаңа арнаға бұрды. Ақпараттық технологиялардың әсерінен қоғамдық процестер, коммуникациялық жүйе транцформацияға түсті. Ақпараттық кеңістіктегі мылтықсыз майданда журналистер қауымының қоғамдағы рөлі орасан зор." Аида Балаева
БАҚ өкілдері мемлекет пен қоғамды байланыстырушы алтын көпірге айналып, Қазақстанның жаңа тарихын жазып жатыр десем, артық айтқандық емес. "Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты" деген сөз бекер айтылмаса керек, - деді Балаева.
"Кеше Мемлекет басшысы журналистерді марапаттау салтанатында ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру бізді ортақ мақсат-мұратқа біріктіретінін тілге тиек етті." Аида Балаева
Аз жылдың ішінде қоғам мен мемлекет күрделі өзгерістерді бастан кешірді. Бүгінде біз демократия мен дамуға бағытталған мүлде басқа құндылықтар жүйесінде өмір сүріп жатырмыз, - деді министр.
"Бұл ретте, журналистердің міндеті жүріп жатқан процестерді ақпаратқа айналдыру ғана емес. Жаңалықтардың жаршысы болып, халықты ақпараттандыру арқылы жүзеге асып жатқан реформалардың мәні мен маңызын, түпкі мақсатын түсіндіріп, объективті қоғамдық пікір қалыптастыруға сеп болу. Яғни, журналистер қайнаған өмірдің қақ ортасында жүріп, халыққа жан-жақты тексерілген, шынайы ақпарат тарату – басты міндет." Аида Балаева
Қай кезде де журналистерге артылар жүк жеңіл емес. Оның ішінде әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық мәдениетті, азаматтық сана мен дәстүрлі мәдени құндылықтарды қалыптастыру, басқа да өзекті мәселелерді түсіндіру де кіреді.
"Сондықтан журналистиканың қоғам өміріндегі маңызы пен жауапкершілігі өте жоғары. Барша әріптестеріме қызығы мен қиындығы мол қызмет жолында еселі еңбек етіп жүргені үшін тағы да алғыс айтамын. Баршаңызға шығармашылық табыс, сарқылмас күш-жігер мен жемісті жұмыс тілеймін! Төл мереке құтты болсын!" Аида Балаева
28 маусым күні таңертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлтымыздың бірлігін нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан. Бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту, журналистердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі.