Қытайдағы кинофестивальде қазақстандық актер "Үздік актер" жүлдесін иеленді

Қытайдағы кинофестивалде қазақстандық актер "Үздік актер" жүлдесін иеленді, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.07.2025 15:30 Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
2025 жылдың 6 шілдесінде Қытайдың Чунцин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдері халықаралық кинофестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Онда "Үздік актер" аталымын қазақстандық актер Бақыт Қажыбаев иеленді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, Бақыт Қажыбаевқа бұл марапат "Набат операциясы" фильміндегі басты рөлі үшін берілді.

Биылғы фестивальге қатысушы мемлекеттер екі толықметражды фильмнен ұсынып, негізгі "Алтын камелия" байқау бағдарламасына қатысты.

Актердің айтуынша, бұл – тек өзінің ғана емес, фильмге жан-тәнімен еңбек сіңірген бүкіл шығармашылық топтың жеңісі. Ол шынайы оқиғаға негізделген бұл хикаяны жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, барлық көрерменге алғыс білдірді.

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

"Набат операциясы" фильмі 1992 жылы Қазақстанда болған шынайы оқиғаға негізделген. Автобустағы 30 адамды кепілге алған лаңкестерге қарсы құқық қорғау органдарының арнайы операциясы адам шығынынсыз аяқталады.

Фильм Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.

Байқауға ұсынылған екінші қазақстандық туынды – режиссер Дархан Төлегеновтің "Ағайындылар" драмасы. Бұл фильм бұған дейін 15-тен астам халықаралық марапатқа ие болған, оның ішінде Oldenburg халықаралық кинофестивалінде Spirit of Cinema Award жүлдесі бар.

Биыл қазақ киносы фестивальдің фокус-секциясына ұсынылып, "Ағайындылар" фильмі арнайы бағдарлама аясында көрсетілді.

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Байқау бағдарламасын ШЫҰ елдерінің танымал кинематографтары, тоғыз адамнан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.

"Фестиваль аясында кинонарық ұйымдастырылды. Қазақстанның ұлттық стендінде Ұлттық киноны қолдау орталығы мен Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының негізгі киножобалары ұсынылды. Онда 25-тен астам көркем, деректі және анимациялық фильмнің трейлерлері көрсетілді",- делінген ақпаратта.

Чунциндегі ШЫҰ халықаралық кинофестивалі гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ұлттық киноөндірісті дамытуға арналған маңызды мәдени алаңға айналды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: