Алматылық егіздер фортепианодағы өнерімен желіні жаруда

Алматылық егіздер фортепианодағы өнерімен желіні жаруда, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.02.2026 16:57 Сурет: Zakon.kz
Алматыдан шыққан егіз ағайындылар Қазнетті өнермен сүйсіндіріп жүр. Олар фортепианода шебер ойнап, сапалы музыканың тек үлкен сахнада ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да қарапайым тыңдарманға қолжетімді бола алатынын дәлелдеуде. Толығырақ Zakon.kz ақпаратында.

20 жастағы Әлібек пен Алан Халиловтар Алматы қаласында тұрады. Егіздер кәсіби пианистер, Twiano дуэті ретінде өнер көрсетеді.

"Әлібек бір минутқа үлкен – ол солақай, ал Алан – оңқай. Мінезіміз әртүрлі: Әлібек – эмоцияға берілгіш, импульсивті, ал Алан – сабырлы әрі талдауға бейім. Бірақ темпераментіміз бөлек болғанымен, музыкаға деген көзқарасымыз ұқсас: ырғақты сезіну, фразировка және сахналық энергия жағынан бір-бірімізді жақсы түсінеміз", – дейді ағайындылар.

Егіздер шығарамшыл отбасында тәрбиеленген. Сондықтан кішкентай кезінен бастап өнермен сусындаған. Әкелері екеуінің де пианист болуын қалаған.

"Біз шығармашыл отбасынанбыз. Әкеміз – пианист, аранжировщик және продюсер, музыка саласының барлық қырын меңгерген. Анамыз – скрипкашы әрі консерваторияда ұстаз. Үлкен әпкеміз бар. Фортепианоны бес жасымыздан бастап үйрендік, классикалық мектептен өттік. Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектеп тәмамдадық. Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2-курс студенттеріміз. Кәсіби деңгейіміз 15 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жаттығу мен білім алудың нәтижесінде қалыптасты. Аспапты меңгеру әлі де жалғасып жатыр – бұл тоқтаусыз үдеріс", – дейді Әлібек пен Алан.

Олардың айтуынша, фортепиано – диапазоны кең, оркестрлік ойлауды жеткізе алатын әмбебап музыкалық аспап. Ол бір мезетте әрі солист, әрі сүйемелдеуші, әрі аранжировщик болуға мүмкіндік береді.

"Классикалық және заманауи аспаптық музыканы, танымал шығармаларды авторлық өңдеуде, саундтректерді және белгілі әуендердің өзіміз жасаған нұсқаларын орындаймыз. Аспапты ұзақ таңдадық – дыбысы мен механикасына мән бердік. Жақсы фортепиано – үлкен инвестиция, бағасы бірнеше мың долларға дейін жетеді. Шын мәнінде сапалы аспап табу оңай болған жоқ", – дейді олар.

Музыканттардың пікірінше, пианист мамандығы Қазақстанда сұранысқа ие. Бүгінде бұл тек сахнамен шектелмейді. Пианистер концерттік орындаушы ғана емес, сонымен қатар концертмейстер, ұстаз, ансамбль мүшесі немесе студиялық музыкант бола алады.

"Бәсекелестік жоғары, сондықтан икемді болып, үнемі дамып, өз бағытыңды табу маңызды. Сонда бұл мамандық үлкен мүмкіндік береді. Продюсеріміз – Абдель Мұхтаров, Mezzo тобының негізін қалаушысы. Белсенді концерттік қызмет пен әлеуметтік желілердің дамуының арқасында бізге тұрақты түрде ұсыныстар түсіп тұрады – концерттерге де, жеке іс-шараларға да. Қаламақы іс-шара форматына, қалаға және бағдарлама ұзақтығына байланысты. Бұл салада лайықты табыс табуға болады, әсіресе концерттік қызметті, түрлі жобаларға қатысуды және онлайн белсенділікті қатар алып жүрсең", – дейді ағайындылар.

Егіздердің таланты тек фортепианомен шектелмейді. Әлібек гитарада ойнайды, ал Алан саксофонды меңгерген. Бала кезден спортпен шұғылданады: бокс, футбол және жекпе-жек түрлерімен айналысқан. Екеуі де айкидо бойынша қоңыр белбеу иегерлері.

"Әулетімізде егіздер бар. Ағайынды болу – керемет. Артықшылығы – үнемі қолдау, өзара түсіністік және сахнадағы ерекше синергия. Кемшілігі – бізді жиі салыстырады әрі шатастырып жатады. Арамызда салауатты бәсекелестік бар, ол бізді тек алға жетелейді. Бірақ жалпы біз бір команда ретінде жұмыс істейміз", – дейді олар.

Алматылық өнерпаздар алдағы уақытта дуэтті әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар әрқайсысы жеке шығармашылық жолын да қарастыруы мүмкін. Қазір олардың басты мақсаты – сапалы музыканы кең аудиториямен бөлісу.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: