Президент тапсырмасы: Арман Қырықбаев корей қолбасшысы Хон Бом Доның рухына тағзым етті
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барған Мемлекет басшысы бастаған ресми делегация құрамында мәдениет және ақпарат министрі де бар.
Кешенде құрмет қарауылының қатысуымен арнайы рәсім өтті. Арман Қырықбаев ел тәуелсіздігі жолында күресіп, Отанын қорғауға ғұмырын арнаған жандарға құрмет білдіріп, мемориалға гүл шоғын қойды. Сондай-ақ генерал Хон Бом Доның рухына тағзым етті.
Тэджондағы бұл мемориалдық кешен Корея Республикасындағы аса маңызды тағзым орындарының бірі саналады. Мұнда елге айрықша еңбек сіңірген 150 мыңға жуық адам мәңгілік тыныс тапқан.
Генерал Хон Бом Доның есімі Қазақстан мен Кореяны байланыстыратын ортақ тарихта айрықша орын алады. Ол өмірінің соңғы жылдарын Қазақстанда өткізіп, Қызылордада жерленген еді. 2021 жылы Қазақстанның қолдауымен оның сүйегі атамекеніне жеткізіліп, Тэджонда қайта жерленді.
Биыл генерал Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан Корея Республикасына жеткізілгеніне бес жыл толады. Оның тағдыр жолы екі халықты өзара жақындастырған ортақ тарихтың тағылымды бір белесіне айналды.
Сапар соңында Арман Қырықбаев құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Мемориалдық кешендегі бұл рәсім екі елдің тарихи мұрасына деген құрметті айғақтап, Қазақстан мен Корея арасындағы байланысты одан әрі нығайтудың маңызын көрсетті.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Орталық Азия – Корея Республикасы" форматындағы алғашқы саммитке қатысқаны хабарланған.



