Арман Қырықбаев ҚР Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды
Сурет: akorda.kz
Тиісті Жарлыққа бүгін, 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Арман Қырықбаев 1976 жылғы 20 қазанда Астана қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын "Халықаралық экономист" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы
1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде референт, атташе болды.
1997-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінде атташе қызметін атқарды.
1999-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші хатшысы болды.
2002 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМД істері жөніндегі комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды.
2002-2004 жылдары "АВЕ корпорациясы" ЖАҚ Стратегия және маркетинг департаментінің директоры болды.
2004-2005 жылдары "К-МАРТ" ЖШС бас директоры қызметін атқарды.
2005 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары болды.
2005-2006 жылдары Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры қызметін атқарды.
2006 жылғы сәуірден 2008 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық-саяси жұмыс және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры болды.
2008 жылғы ақпаннан 2010 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
2010 жылғы қаңтардан 2012 жылғы ақпанға дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды.
2012 жылғы ақпаннан 2014 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарды.
2014 жылғы ақпаннан 2015 жылға дейін "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі болды.
2015 жылғы қазаннан 2019 жылғы шілдеге дейін Алматы қаласы әкімінің ішкі саясат, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, жастар саясаты және тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылғы желтоқсаннан 2022 жылғы ақпанға дейін Nur Otan партиясының хатшысы болды.
2022 жылғы ақпаннан 2024 жылғы 9 наурызға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2024 жылғы 9 наурыздан 2025 жылғы 24 ақпанға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі болды.
2025 жылғы 24 ақпаннан жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметін атқарды.