Жаңалықтар тізбегі
0

Алғашқы "орыс алашордалықтар": қазақ мүддесін қорғаушы партияның көзқарасы қалай қалыптасты

қалам, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.10.2022 12:10 Сурет: unsplash
Әр жылдары "Алаш" партиясының белді мүшелерімен етене араласып, орталық биліктің алдында қазақтардың мүддесін қорғаған орыс қоғам қайраткерлері болды. Солардың бірнешеуімен жақынырақ танысып, қазақ зиялыларының ұмтылыстарына деген оң көзқарастары қалай қалыптасқанын білуге тырыстық.

Омбы кадет корпусында Шоқан Уалихановпен бірге оқыған көрнекті ғалым, саяхатшы, этнограф Григорий Николаевич Потанинді алғашқы "орыс алашордалық" деп атауға болады. Ол Қытай, Тибет, Орталық Азия өңірлерінде бірнеше экспедиция өткізіп, ботаникадан этнографияға дейін түрлі салада біраз жаңалық ашқан. Потанинді Верныйдың (Алматы) алғашқы тұрғындарының бірі деуге де болады. Ол нәтижесінде Іле Алатауында Верный қаласын тұрғызу туралы шешім қабылданған майор Перемышльскийдің әйгілі жорығына қатысқан.

Потаниннің отбасы баяғыдан қазақтармен тығыз байланыста болған. Мысалы, Григорийдің атасы Илья Андреевич Потанин Абылай ханмен хат алмасқан деген дерек бар. Ал Григорийдің өзі бала кезінен көшпелі қазақтармен араласқан, олардың әңгімесін, өлеңдерін тыңдап өскен.

Ямышевск станицасында өткен балалық шағы (қазір Павлодар облысы Ямышев ауылы) оның дүниетанымына зор әсер етті. Уақыт өте келе Потанин мен оның серіктесі, ғалым және қоғам қайраткері Николай Ядринцев Сібір аймақшылдық идеологиясын зерттей бастаған. Олар Сібір ерекше тарихи және мәдени аумақ ретінде тек Ресейдің қосымшасы болмауы керек деп сенді. Ол үлкен дербестікке ие болып, еуропалық Ресейді шығыспен – Қытай, Моңғолия, Орталық Азия, Үндістанмен жалғайтын көпір ретінде қызмет етуі керек деп пайымдаған. Айта кететін жайт, Ядринцев пен Потанинді олардың көзқарастары үшін патша үкіметі қудалады. Екеуі де бірнеше ай қамауда болған. Кейіннен Ресейдің ұлы саяхатшысы Владимир Александрович Обручевтің қамқорлығының арқасында босатылған. Кейіннен Обручев Потанинді бірнеше рет экспедицияларына бірге алып жүрді.

Потанин қазақ даласында да біраз экспедиция жасаған. Осылайша, ол алғашқылардың бірі болып "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу" әйгілі эпосын орыс тілінде жазды. Ал 1913 жылы Потанин Томскіде қазақ халық музыкасының үлкен концертін ұйымдастыруды жоспарлаған. Осы кезеңде ол "Алаш" партиясының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермековпен жақын араласты. 1917 жылы Потанин Алғашқы жалпықазақ съезіне шақырылып, оған "сібір ақсақалы" ретінде құрмет көрсетілді. Өкінішке орай, Потаниннің өзі 1920 жылы Алашорда жойылған кезде қайтыс болды, ал партияның белсенді қатысушылары кеңес одағының билігімен ынтымақтастық орната бастады.

Егер Потаниннің қазақ мәдениетіне жақындығы отбасы, балалық шағы, туған жерімен байланысты болса, бірқатар басқа тұлғалар үшін қазақтардың өміріне деген қызығушылық олардың кәсіби қызметіне байланысты туындаған. Оларға Николай Скалозубов, Орест Шкапский, Тимофей Седельниковты жатқызуға болады. Керемет экономист және санақ маманы Николай Лукич Скалозубов Тобольск губерниясында статистик бола отырып, қазақтардың проблемаларымен танысқан. Қызмет бабында қолөнершілермен және шаруалармен жұмыс істеп, жәрмеңкелерде және жеке қабылдау кезінде қазақ шаруаларымен көп кездескен. Ол өз баяндамаларында алғаш рет патша өкіметінің қоныс аудару саясаты нәтижесінде қалыптасқан қазақтардың ауыр жағдайы туралы мәселе көтерді.

Осыған ұқсас қызметті Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде саясат және қоғам қайраткері Орест Авенирович Шкапский атқарды. Ол кезде патша билігі көшпелі халықтың экономикалық жүйесі артта қалған, өте тиімсіз және ысырапшыл деген пікірде болған. Министрлер Кеңесінің төрағасы Петр Столыпин қазақ даласының кең жайылымдық жерлерін ұлы және кіші орыс губернияларынан (қазіргі еуропалық Ресей мен Украина) қоныс аударған шаруаларға берілетін болашақ жер учаскелерінің резерві деп көрді. Орест Шкапский өзінің баяндама хаттарында жер мәселесін шешуде жергілікті халықтың мүдделерін елемеуге болмайтынын бірнеше рет ескерте атап өткен.

Орыс ғалымы, тарихшы Андрей Панфилов 2019 жылғы "Орест Шкапскидің өмірі мен тағдыры" эссесінде Орест Авенировичтің сөздерін былай деп келтірген:

Шаруашылық қызметтің қандай да бір түрін барлық жерге бірдей енгізу шешімі қалыптасқан жағдайдан шығу жолы болып табылмайды. Исламның үстемдігі мен физика-географиялық ерекшеліктері кезінде Орталық Азия Батыс Еуропа жүйелерінен айтарлықтай ерекшеленетін жерге иелік ету жүйесін дамытты. Сондықтан олардың әдет-ғұрпына назар аудармай, жерге иелік ету туралы түсінігін түбегейлі өзгерту халықтың экономикалық өміріне нұқсан келтіреді.Тарихшы Андрей Панфилов

Сонымен қатар, Шкапский жер саласындағы жұмысы барысында "Алаш" қайраткерлерімен жақын қарым-қатынаста болды. Ол кезде Ресей империясында пікірталас болған:

Столыпин реформасын жақтаушылар егіншіліктің көшпелі мал шаруашылығын ығыстыруы қажет, олардың жерлерін жер жыртуға пайдалану үшін алу керек деп есептеді. Ал «Алаш» қайраткерлері мен оларға жақын орыс қоғам қайраткерлері бұл мәселеде екінші көзқарасты ұстанды. Олар қазақтың дәстүрлі көшпелі шаруашылық жүйесін реформалау, егіншіліктің рөлін арттыру қажеттілігін түсінді, бірақ ешбір жағдайда мал шаруашылығынан бас тартпау керектігін алған тартты. Бөкейханов үлгі ретінде Австралияның мал өсіру тәжірибесін пайдалануды ұсынды, себебі онда бір жағынан ұқсас құрғақ климат, екінші жағынан отырықшы мал шаруашылығының жақсы жабдықталған инфрақұрылымы бар еді.

Шкапский өз баяндамаларында 1916 жылғы көтерілістің трагедиясын болжаған еді. Уақытша үкіметке кірген қайраткерлер Орест Авенировичтің Орталық Азияның байырғы тұрғындарымен жұмыс жасаудағы білімі мен тәжірибесін жоғары бағалады. 1917 жылы ол Түркістан уақытша үкіметі қатарына кірді. Мұхамеджан Тынышпаевпен бірге Жетісу бойынша комиссар болып, көтерілістен қашқан қазақтар мен қырғыздарды рақымшылыққа кепілдік бере отырып елге қайтару бойынша Қытаймен келіссөздер жүргізді. Бірақ бұл ниеттері орындалмады. 1917 жылғы қарашада болған Қазан төңкерісін Шкапский мүлдем қабылдай алмады. Ол Қытайға қашуға талпынып, шекарада ұсталды, кейіннен Верный түрмесіне қамалып, 1918 жылы атылды.

Көшпелі жайылымдық жерлерді жаппай алуды көрнекті земство қайраткері I және II Мемлекеттік Думаның депутаты Тимофей Иванович Седельников те сынға алды. Ол арнайы жерге орналастыру экспедициясында жер геодезисті болып, жеті жылға жуық уақыт қазақ даласын зерттеу бойынша статистик болып жұмыс істеген. Тимофей Иванович тек тікелей міндеттерін орындаумен ғана шектелмей, жергілікті өмірді көп зерттеді, бұл оған қазақтардың шаруашылық құрылымының өзіндік ерекшелігін түсінуге көмектесті. Көптеген жылдар бойы Қазақстанда статист болып жұмыс істегеннен кейін Седельников далада жерді пайдалану күрделі механизм екеніне көз жеткізді. Ауыл шаруашылығынан хабары болғандықтан, ол шаруашылық нысандарының аймақтың климаттық жағдайына тәуелді екенін атап өткен. Сондықтан ол алдымен қазақтардың өзін жерге орналастыруды, содан кейін ғана көші-қон учаскелерін ұйымдастыруды талап етті.

Айтпақшы, бірінші Мемлекеттік Думаның отырысында баяндама жасағанда Седельников қазақша бірнеше сөз айтты. Осылайша, бүкіл империялық мемлекеттік билік деңгейінде алғаш рет қазақ тілі естілді. Ол патша министрлерін жергілікті халықтың өміріне мән бермейтін, ондағы жағдайды тек губернаторлық сарайлар мен экипаждардың терезелерінен ғана көретіндердің баяндамаларына сүйенгені үшін сынға алды. Дегенмен, қазақ даласына қатысты патшалық саясатын толығымен өзгерту мүмкін болмайтынын түсінген Седельников қазақтарға жергілікті деңгейде көмектесуге тырысты. Ол қазақтар үшін жайылымға ең қолайлы учаскелерді шығарып беріп, жергілікті халық пен билік арасында жер бөлу мәселесінде делдал болды.

Қазақ зиялылары Седельниковтың жергілікті халыққа көмектесуге деген ұмтылысын жоғары бағалады. Ол "Алаш" ұйымдастырған бірінші жалпықазақ съезіне және Социалистік Қазақстан кеңестерінің бірінші съезіне шақырылды. Ахмет Байтұрсыновтың талабы бойынша Седельников Қазақ АССР әскери-революциялық комитетіне енгізілді. Бұл қызметте ол жер-су реформасына қатыса алды, бұл көшпенділердің өмірін біршама жеңілдетті (атап айтқанда, казактардың пайдасына алынған жерлерді қазақтарға қайтарып берді) және оларға 1920 жылдардың аяғына дейін ҰЭП кезеңінде салыстырмалы түрде тұрақты өмір сүруге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, ұжымдастыру саясаты осы жетістіктердің барлығын жойды. Бірақ бұл басқа әңгіме. 1930 жылы ұжымдастырудың қызған шағында Седельников Мәскеуде қайтыс болды.

"Алаш" қайраткерлері Седельников, Скалозубов және Шкапский сияқты адамдармен тығыз қарым-қатынаста болу арқылы көп нәрсені білді. Атап айтқанда, орыс қоныс аударушылар өмірінің ерекшеліктерін түсінді.

Кеңестік үгіт-насихат әрқашан алашордалықтарды қаскүнем ұлтшылдар ретінде суреттеді. Алайда, сіз олардың өмір жолын және олар ұсынған бағдарламаны мұқият зерделесеңіз, бұл мифтің бәрі құлдырайды, – дейді тарихшы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді.

Оның айтуынша, көрнекті орыс зиялыларымен араласқан, орыс әйелі Елена Севастьяноваға үйленген Әлихан Бөкейханов христиан халқының мүдделерін ескеру қажет екенін түсінген. Атап айтқанда, Алашорданың болашақ парламентінде православиелік және жалпы орыс-украин халқына 25-тен 10 орын ұсынылған. Бұл – сол жылдардағы стандарттар бойынша демократияның айқын үлгісі, ұлттық және діни азшылықты құрметтеу еді.

Орыс қоғам қайраткерлерінің, шартты түрде «орыс алашордалықтардың» көзқарастары қарапайым қазақ халқымен тығыз байланысу, қазақ халқының мәдениетін ұғыну арқылы қалыптасты.

Константин Козлов

Аударған Айдар Өрісбаев

Айдос Қали
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: