Жаңалықтар тізбегі
0

Қазір апат орнында не болып жатыр: Шахтинскідегі трагедия туралы толыққанды ақпарат

Төтенше жағдай, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.11.2022 19:28 Сурет: pxhere
Қарағанды ​​облысындағы Ленин атындағы шахтада бүгін түнде қайғылы жағдай орын алды. Жарылыстың салдарынан бес кенші қаза тапты, тағы төртеуі шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шахтинск қаласындағы төтенше жағдай 3 қарашада шамамен түнгі сағат 3.00-де орын алды. АрселорМиттал Теміртау компаниясы шахтада газды дренаж скважиналарды бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде газ шыққанын, кейін тоннель өртке оранғанын жеткізді.

Апат кезінде жер астында кәсіпорынның 106 жұмысшысы болған, оның 101-і эвакуацияланып үлгерді. Бес кеншіні аман алып қалу мүмкін болмады, одан бөлек тағы төртеуі зардап шекті.

Қаза тапқан кеншілердің тізімі:

1. Бойченко Дмитрий Игоревич, 1991 жылы туған, жерасты бұрғылау қондырғысының машинисі. Еңбек өтілі – 8 жыл. Артында анасы қалды.

2. Санжаров Андрей Павлович, 1980 жылы туған, жерасты бұрғылау қондырғысының машинисі. Еңбек өтілі – 21 жыл. Артында ата-анасы мен екі баласы қалды.

3. Инкин Денис Анатольевич, 1984 жылы туған, жерасты бұрғылау қондырғысының машинисі. Еңбек өтілі – 13 жыл. Артында әкесі, әйелі, қызы және тағы бір туысы қалды.

4. Қашкей Арман Қадіржанұлы, 1993 жылы туған, жерасты бұрғылау қондырғысының машинисі. Еңбек өтілі – 8 жыл. Артында ата-анасы қалды.

5. Ынтыбеков Марғұлан Серікұлы, 1996 жылы туған, бұрғылау қондырғысы операторының көмекшісі. Жұмыс тәжірибесі – екі ай. Артында әкесі қалды.

Зардап шеккен кеншілерге қандай диагноз қойылды

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, зардап шеккендердің екеуі Қарағандыдағы Қ.Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың токсикология бөліміне жатқызылды. Қойылған диагноздар - ашық бас-ми жарақаты және газдан улану. Екеуін де жақын уақытта жасалатын отаға дайындап жатыр. Қалған екі кеншіні медициналық пунктте қарап, үйлеріне босатқан.

Қазір шахтада не болып жатыр

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жайсыз хабар шыға салысымен бірден Қарағанды облысына ұшып кетті. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, арнайы комиссия тергеуге кірісті. Әзірге, апаттың алдын-ала себебі жарияланды: метанның ауаға бөлінуі. Шахтадағы қайғылы оқиғаның нақты себебі тыңғылықты тексеруден кейін жария етіледі. Айта кетсек, билік "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының сегіз шахтасының жұмысын уақытша тоқтатты. Шахта ішінде іздеу-құтқару операциясы жүргізіліп жатыр.

Қаза тапқандардың отбасына қандай көмек көрсетіледі

Қазір қаза тапқандардың жақындарына ҚР ТЖМ басшылығымен психологиялық және медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Шахтаның меншік иесі - жергілікті билік пен компания барлық қажетті көмекті көрсететіндерін мәлімдеді. Сонымен қатар кәсіпорын қаза тапқандардың жерлеу рәсімі бойынша шығынның барлығын өз мойнына алмақ. Сондай-ақ ұжымдық шарт бойынша олардың отбасына 10 жылдық жалақы көлемінде өтемақы төленетін болды. Оның үстіне марқұмдардың барлық несиесі жабылып, балаларының оқу ақысы төленеді, жаңа баспанамен де қамсыздандырылады.

Қандай бап бойынша іс қозғалды

Полицейлер аталған фактіге сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі, яғни "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" бабы бойынша тергеуді бастады. Полиция орын алған апат аумағын қоршады, шахта ішінде де криминалистер жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі уақытта шахта ішіндегі барлық бықсыған от толықтай сөндірілген. Ильин апат орын алған аумақта аздап түтін барын айтады, қазіргі уақытта учаскелерді желдетіп, шолу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы мен компания өкілі қайғылы оқиға туралы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты, сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Компания атынан "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов көңіл білдірді.

- Біз қаза тапқан жұмысшыларымыздың отбасыларынан, кенші әріптестерімізден кешірім сұраймыз. Қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің отбасыларына көмек көрсетіледі.

Ленин атындағы шахтада орын алған ірі апаттар

Ленин атындағы шахта 1964 жылы пайдалануға берілген. 14 жылдан кейін мұнда алғашқы апат тіркелді: 1978 жылы төрт жұмысшы қаза тапты. 1985 жылы 2 адам опат болды, 1995 жылы 2 адам жараланды, 13 адам қаза тапты, 1998 жылы 1 адам мерт болды, 1999 жылы 3 адам қаза тапты, 2 адам жарақат алды.

Ең үлкен қайғылы оқиға 2006 жылы орын алды. Ол кезде 41 адам қаза тапты. Апатқа себеп - қауіпсіздік ережелерін бұзу деп көрсетілді. Тергеу қорытындысы бойынша шахтаның алты жұмысшысы сотталды.

Қарағанды облысындағы шахталарда орын алған соңғы оқиғалар

Айта кетсек, 2022 жылдың 10 маусымында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ металлургиялық комбинатында төрт қызметкер қаза тауып, тағы біреуі зардап шекті. Қайғылы оқиға ұста-пресс цехында жұмыс істемей тұрған термиялық пештің отқа төзімді кірпіштерін бөлшектеу кезінде орын алды. Шатыр опырылып құлап, жұмысшылар қирандының астында қалып кеткен.

2021 жылдың 7 қарашасында шахтада тағы бір қайғылы оқиға орын алды. Ол кезде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Абай БД шахтасында алты адам қаза тапты. 3-К10 солтүстік желдеткіш кеншарында кенеттен метан бөлінген.

Ленин атындағы шахтаны тексеру және пайдалану тәртібі

Юрий Ильиннің айтуынша, 3 қарашада жарылыс болған Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтаға қайғылы оқиғадан кейін бірден биылғы жылдың маусым айында техникалық қадағалау бөлімшесі тексеру жүргізген.

Айта кетсек, 1997 жылдан 2021 жылға дейін "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахталарында шамамен 130-ға жуық адам қаза тапты немесе жарақат алды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: