Қазақ анимациясына 55 жыл: Хәлің қалай, көркем өнер
2018 жылы шыққан "Мұзбалақ" мультхикаясынан соң неге әлі күнге дейін жаңа қазақша анимация жарық көрмеді?
2013 жылы "Ер төстік және Айдаһар" мультфильмінің тұсауы кесілді. Араға бірнеше жыл салып, 2018-де "Мұзбалақ" пен "Күлтегін" мультфильмдері шықты. Содан кейін әлі толықметражды қазақша анимация жарық көрмеді. Ал "Алтын адам" жобасы 2020 жылы басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Бірақ авторлар осы үш жылда 11 ай уақыт қана нақты жұмыс істей алғанын алға тартады. Қалған уақытта жоба тоқтап тұрған.
"Осы жерден қазақ анимациясының негізгі бір проблемасы шығады – тұрақты түрде жұмыс істейтін, жолға қойылған жүйе жоқ. Бір жылы мультфильм шығарып, келесі жылы тоқтап қалып, үшінші жылы тағы бір туындының дайындығына кірісіп, ол тағы бір жыл тоқтап қалу деген болмауы керек. Басталды ма, жыл сайын үздіксіз жүріп отырса, мамандар үшін тұрақты жұмыс болады. Кейін бәсекелестік пайда болып, сапа да өседі. Балалар мен ата-аналардың, телеарналар мен ұлттық қорлардың сұранысын да қамтамасыз ете аламыз", - дейді Жәнібек Оразалы.
Сурет: Zakon.kz
"2020,2021,2022 – осы үш жылда жұмысымыз бірнеше рет тоқтап қалды. Оған нақты жүйенің болмауы, бюджеттің үзіліп бөлінуі, басшылықтың ауысуы сияқты өзгерістер әсер етіп отырды. Ал фильмнің сапасы уақытпен өлшенеді. Анимация - инемен құдық қазғандай жұмыс. Сондықтан уақыт біз үшін өте бағалы. Негізі қазіргі жаңа технологияның, түрлі бағдарламаның көмегімен бүгінде бір толықметражды анимацияны 2 немесе 2,5 жылда бітіруге болады. Әйгілі Walt Disney бұрын әр туындысына 4-5 жыл уақыт жұмсайтын. Қазіргі технология уақытты үнемдеуге көмегін тигізіп жатыр. Тек осы салада нақты жүйе құрылса, жұмысымыз тоқтап қалмас еді" - деді анимация режиссеры Тұрдыбек Майдан.
Сурет: Zakon.kz
Бізде Walt Disney-дің мультхикаялары немесе "Маша мен аю" сияқты танымал, брендке айналған мультфильм неге жоқ?
Жәнібек Оразалының айтуынша, елімізде бренд болатын, әлемге танылатын дүние жасайтын мамандар, команда жетеді. Елде қазір 30-дан астам киностудия бар. Соның ішінде АҚШ, Жапония, Польшадан тапсырыс алып, жасап жатқандар да кездеседі. Өте талантты жастар жетеді. Бірақ бізде жұмыс істеуге кедергі келтіретін әрі шешілмей тұрған проблемалар бар.
"Ең басты проблеманың бірі – бізге бөлінетін бюджеттің аз болуы. Мысалы, "Маша мен аюдың" 10 минуттан тұратын 3 сериясының бюджеті "Балапан" телеарнасының бір жылдық бюджетінен көп. Неге бізде бренд мультфильм шықпай жатқанын осыдан-ақ байқауға болады. Мемлекеттен қолдау аз. Жұмысты тұрақты істеу үшін қаржыны әр жылда үздіксіз бөліп отыру керек". Жәнібек Оразалы
Сурет: Zakon.kz
"Телеарналар студиялардан аз уақытта көп дүниені талап етеді әрі бюджеті аз. Көктемде тапсырма беріп, "Күзде өткізесіз" дейді. Ал анимация қалай жасалатынын білесіздер, оның әр секунды - қаншама еңбек. Әр секундқа 24 кадрдан есептей беріңіз. Ол үш секундты бір адам апта бойы жасаған болуы мүмкін", - дейді Қазақанимация шығармашылық бірлестігінің басшысы.
Сурет: Zakon.kz
Телеарналар мен Ұлттық киноны қолдау орталығы патриоттықты насихаттайтын ұлттық, әлеуметтік маңызы бар, балаға тәлім-тәрбие бере алатын материалдарға тапсырыс беріп жатады. Бірақ оның біразы 6 жасқа дейінгі балаларға арнап шығарылады.
"Кейін "Неге қазақ мультфильмі танымал емес, неліктен әлеуметтік желілерде "хит" болып жүрмейді?" деп жатады. Ал тапсырыс беруші телеарналар оның жарнамасына, желіде тарауына араласпайды. Оның үстіне әркімнің өзіне берілген тапсырмалары бар. Мысалы, телеарналар балаларға қазақы тәрбиені, салт-дәстүрді дәріптеуге, қазақша контентті көбейтуге тырысады. Бірақ халық арасында бүкіл әлемдік мультфильмдер қолжетімді болып тұрған кезде барлығы үнемі тек қазақша анимацияны көре бермейді ғой. Көретін, іздейтін көрермен, әрине бар. Бірақ жалпы ТМД елдерінде, Ресейде орыс тіліндегі мультфильм көп".Жәнібек Оразалы
Сурет: Zakon.kz
Елдегі анимация саласында кәсіби мамандар жеткілікті ме?
Сурет: Zakon.kz
Режиссерлардың сөзінше, дәл бүгін мемлекет беретін тапсырысты қамтамасыз ете алатын мамандар бар. Себебі жақында ұйымдастырылған байқауда 20-30 жыл бойы бұл саладан қол үзіп кеткен мамандар да қайта сурет салып, мультфильм жасауға кіріскен. Сонымен қатар бүгінде Қазақстанда анимация режиссурасын оқытатын жалпы 4 оқу орны бар. Олар: Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы мен оның колледжі, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті және Ә.Қастеев атындағы Шымкент қалалық өнер және дизайн колледжі. Бірақ елімізде анимация режиссурасы мамандығына санаулы-ақ грант бөлінеді.
"Осы оқу орындарында грант санын арттыру керек деп есептеймін. Себебі қазір қызығатындар көп. Мысалы 20 студент анимацияны таңдап, оқыса, оның біразы ақылы оқуға мәжбүр. Ал бітіріп шыққан түлектер көп жағдайда ақшасы үшін шетелдік компанияларға жалданып, онлайн жұмыс істейді. Ал екінші бір бөлігі жарнама агенттіктері мен PR қызметіне жұмысқа орналасады. Анимациялық өндіріс болып, тұрақты жұмыс істеп тұрмаған соң мамандар да басқа тұрақты табыс табатын салаға ауысады. Елімізде анимация мамандары жеткілікті, себебі дәл қазір аса қатты сұраныс болып тұрған жоқ", - дейді Жәнібек Оразалы.
Сурет: Zakon.kz
Қазақ анимациясының болашағы қалай болмақ?
Сурет: Zakon.kz
55 жылда 200-ге жуық мультфильм түсіріліп, 30-дан аса анимациялық студиялар өмірге келді. Бүгінде мультфильм түсіретін жеке компаниялар бар. Қазір 20 жеке студия Қазақанимация шығармашылық бірлестігімен бірлесіп, жұмыс істейді. Жәнібек Оразалының айтуынша, қазақ анимациясы шетелдік компаниялармен де бірлесіп жұмыс істеуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар "Маша және аю", "Шрек" сияқты әлемге танылатын бренд сериалдар немесе толықметражды мультфильм шығарсақ дейді.
Бүгінде анимация режиссурасын бітіргендер біліктілігін көбіне өз күшімен жетілдіреді. Олар арнайы курс оқып, тәжірибе жинап, технологияның дамуымен бірге ілесіп отыруға тырысады. Елде анимацияны оқытатын жеке компаниялар да бар. Дегенмен анимация режиссерлары елде шетелдік танымал студиялардың мектебін, филиялын ашуды мақсат етеді.
"Әлемде анимацияның танымал студиялары мен мектептері бар. Қазақстанда солардың филиалын ашқымыз келеді. Бұл бізге шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға, жаңа технологияларды үйренуге және өзіміздің мамандарды оқытуға керек. Елдердің ішінде Франциямен байланыста болып, тәжірибе алмасқымыз келеді. Өйткені Франция – анимацияның отаны. Біз Францияда болдық, көрген соң осы елмен жұмыс істегеніміз дұрыс деп шештік. Сонымен қатар Түркияда "Қазақ анимациясының күндерін" өткізу жоспарда бар".Қазақанимация шығармашылық бірлестігінің басшысы
Сурет: Zakon.kz
Биыл Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев "Қазақфильм" АҚ жанынан Қазақанимация шығармашылық бірлестігін құру бойынша жиын өткізген еді. Бірінші кезекте анимациялық пилот жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырылды. Сонымен қатар жиында отандық анимация мамандарының шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтуі жайлы мәселе қозғалған. Министр әлемнің бірнеше жетекші анимация студиясынан мамандар тарту арқылы жыл соңына дейін алғашқы 10 пилот жоба көрерменге ұсынылатынын айтқан еді.
"Қазақша контентті көбейтіп әрі дамыту үшін біздің бірлестік елдегі аниматорлар мен студиялар арасында байқау ұйымдастырып, ең мықтысын іріктеп, оларға мультфильм жасауға мүмкіндік бермек. Бірлестік көп жағдайда қадағалап, қолдап, біле бермейтін жұмыстарына көмектесіп отырады. Биыл 5 минутқа дейінгі 20 қысқаметражды мультфильмдер шығарылды. Олар арнайы байқау барысында таңдалды. Оның нәтижесі жақын арада министрлікке көрсетіледі".Жәнібек Оразалы
Сурет: Zakon.kz
Бүгінде елімізде қысқаметражды мультхикаялар шығып жатыр. Режиссерлардың айтуынша, толықметражды "Алтын адам" мультфильмін қалың көрерменге 2023 жылы ұсыну жоспарланып отыр. Ал 2023 жылы қазақ анимациясының атасы, режиссер, мультипликатор Әмен Қайдаровтың туғанына 100 жыл толады. Мерейтойға орай "Қазақфильм" "Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі" атты 10 минуттық анимация фильмін дайындады. Авторлар бұл туындыны отандық телеарналардан көрсетуді, сонымен қатар түрлі фестивальдерге жіберуді жоспарлап отыр.
Сурет: Zakon.kz
"Алтын адам – біздің ең құнды жәдігеріміздің бірі. Менің ұстанымымда оны балаларға насихаттау керек. Ал балаларда "Алтын сауытты қандай адам киді екен?" деген қызығушылық болады ғой. Осы фильм арқылы "Алтын адам кім?" деген сұраққа жауап бергім келеді. Оның сырты, киімі емес, ішкі жандүниесі алтын. Фильмнің негізгі идеясы осында", - деді "Алтын адам" мультхикаясының режиссеры Тұрдыбек Майдан.
Сурет: Zakon.kz